Түркістан облысы Ордабасы ауданы Төрткүл ауылындағы орта мектепті 2003 жылы бітірген түлектер игі істі қолға алып отыр. Мектептен түлеп ұшқандарына биыл 20 жыл болған сыныптастар ұйымдасып қаржы жинап, ауылдас көпбалалы жалғызбасты анаға баспана салып беруге келіскен, деп жазады KAZ.NUR.KZ сайты.
Айтуларынша, алты сыныптан алты өкіл — Құлтасов Бағлан, Керімбеков Нұрбол, Архабаев Дәулет, Шериев Руслан, Батанов Бағлан, Кенжебаев Хамит бас болып жігіттердің үй құрылысына ұйымдасуына ұйытқы болып отыр.
«Жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған текті қазақтың ұрпағымыз. Асыраушы ер азаматы жоқ деп, балалары қатарынан қалмай заманауи жаңа үйде тұрсын деген ниетпен осы істі қолға алдық. Осы ауылдың 1985-1986 жылы туған жігіттері бірігіп, мектепті аяқтағанымызға жиырма жыл толған айтулы датаны алдымен қайырымды іспен есте қалдырғымыз келді. Көпбалалы жеңгеміз Ләззат Байларованың төрт перзенті бар. Балалардың үлкені сегізінші сыныпта оқыса, кішісі балабақша жасында», — дейді Құлтасов Бағлан.
Төрткүлдік түлектер баспана құрылысын 21 наурызда бастаған. Бүгінгі таңда қабырғасын қалап, шатырын жауып қойған. Қазір ішкі сылақ жұмыстары жүріп жатыр екен. Сыныптастар үйді көпбалалы анаға табыстағанынша тыным таппайтындықтарын айтады.
Автор: Жанар Пердешқызы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!