Мектеп – ауқымы терең тақырып. Әрбір адамның жадынан өшпес, жүрегінің бөлшегіндегі ыстық естелікке айналатын маңызды кезең. Мектеп – білім ордасы. Осында білім алып, жарқын болашағымыздың іргетасын қалаймыз. Мектеп бізге білім беріп қана қоймай, жеке тұлға ретінде қалыптастыратын орын.
Мен Серғали Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейінің түлегімін. Биыл мектеп қабырғасындағы соңғы оқу жылымды аяқтап, үлкен өмірге қадам басудамын. Әрине, қимастық сезім басым. Себебі 11 жыл өмірім осындағы ұстаз, сыныптастарыммен бірге өтті. Сәл кейінге ой жүгіртсем, мектепке алғаш келген күнім әлі есімде. Қорқыныш, толқу, қуаныш. Сол сәттен бастап жыл сайын жаңа дағды, қабілет қалыптастырдық. Түрлі іс-шара, байқау мен олимпиадаларға қатысып, тәжірибе жинадық.
Осы орайда ұстазым Әсел Пірмағанбетоваға алғысымды білдіргім келеді. «Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі» демекші, Әсел апай сыныпаралық мәнерлеп оқу жарыстарына қатыстырып, қызығушылығымды оятты. Басында барлығы бірден болмады, дегенмен ол қиындықтар мен тосқауылдарға қарамастан маған деген сенімін жоғалтпады, дайындықты тоқтатпады. Алғаш рет республикалық Фариза Оңғарсынова өлеңдерін мәнерлеп оқудан ІІІ орын алдым. Еңбегіміздің жемісін көріп, әрі қарай мәнерлеп оқуға деген қызығушылығым арта түсіп қалалық, облыстық, республикалық сайыстардан жүлделі орындар иелендім. Атап айтқанда, Тұрмағанбет Ізтілеуұлының өлеңдерін мәнерлеп оқудан І орын, Абай оқулары сайысынан ІІ орын, Мұқағали Мақатаев өлеңдер сайысынан ІІ орын иелендім. Сонымен қатар өткен жылдың қазан айында Қазақ әдебиеті пәнінен республикалық ғылыми жобада ІІІ орынды иелендім. Осындай жетістіктерге жетуіме ұстаздарым үлкен үлесін қосты.
Бүгінде мектеп парламентінің Президентімін. Сапалы білім беруде алдыңғы қатардағы мектептердің бірі Серғали Толыбеков атындағы мектеп лицейі деп сеніммен айта аламын. Себебі мұнда оқушының дамуына толық жағдай жасалған. Мәселен, менің таңдауым журналистика саласына түсті. Бұл таңдауыма мектептегі «ІТ журналистика» үйірмесі себеп болды. Үйірмеде диктор, іс-шараларда жүргізуші ретінде тәжірибе жинаудамын.
Қорытындылай келе, әр оқушы мектеп қабырғасынан бастап өзінің жарқын болашағын қалайды. Болашақ ұрпақтың білімді, саналы, елжанды болып қалыптасуы мектептен басталатынын айтқым келеді.
Данияр НАҒЫЗХАН,
С.Толыбеков атындағы
№3 ІТ мектеплицейінің
11-сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!