Жезқазған қаласындағы мектептердің бірінде бухгалтер 17 млн теңгеден астам қаржы ұрлаған. Әйел өзінің кінәсін мойындап, ұрланған ақшаны қайтарып берді, алайда Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті істі сотқа жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жезқазған қаласындағы жалпы білім беретін мектептерінің бірінің бас бухгалтері өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, 17 млн. теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған. Белгілі болғандай, бас есепшіде төлем операцияларын жүргізуге арналған электрондық цифрлық қол таңба болған. Соны пайдалана отырып, ол құжаттарға қол қойып, электрондық құжаттарға жалған ақпарат енгізгендігі анықталды.
Осылайша, ол жалақы төлеп жатырмын деп, өзінің жеке банктік шотына және аталған мекемеде нақты жұмыс істемейтін тұлғалардың, атап айтқанда өзінің жақын туыстарының карточкалық шоттарына 17 миллион теңгеден астам ақша аударған.
Бұл істі Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеді.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында бас бухгалтер Т. кінәсін толық мойындап, мемлекетке келтірілген материалдық залалды өтеді. Қылмыстық әрекеттің мәнін анықтау үшін іс сотқа жіберілді.
Сонымен қатар облыстық білім басқармасына қылмыстық құқық бұзушылық пен заңның басқа да бұзушылықтарын жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде ұсыныс енгізілді», – деп хабарлады ведомстводан.
Қылмыстық істі қарау нәтижелері бойынша бас бухгалтер теріс себептермен жұмыстан шығарылды, ал мектеп директоры тиісті ведомстволық бақылау жүргізбегені үшін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!