Қайғылы оқиға Талғар ауданының Еламан ауылында болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, оқушы емтихан тапсыруға мектепке мопедпен келген. Алайда тоқтап үлгермеген 9-сыныптың оқушысы мектепке соғылған. Жанаргүл Күнсақалова басқаратын №41 мектептегі қайғылы жағдай бүгін болды. Алған ауыр жарақатынан оқушы оқиға орнында көз жұмған.
«Мектепке оқушы мопедпен келген. Сынып жетекшісі Ғалымбек Мұратбаев та, мектептің директоры да оқушыларға қауіпсіздік туралы неге ескертпеген? Оқушылар мектепке бірінші рет көлікті өздері мініп келіп тұрған жоқ. Алайда оған мектеп директоры мүлдем мән бермеген. Ақыры оқушы қайғылы жағдайға тап болды. Мынаны естіген ауыл халқына бұл жағдай ауыр соқты. Ауылдың мұғалімдері жаздық демалыстың ақшасын алады. Директорға жағымпазданған кейбір мұғалімдер ақша жинауға да ұсыныс айтып үлгерді», – дейді Еламан ауылының тұрғыны Azattyq-ruhy.kz порталына берген сұхбатында.
Бұл оқиғаға байланысты Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы облысы білім басқармасынан пікір білдіруін сұрады. Ведомства оқушының мектепке емтиханға келмегенін мәлімдеді.
27 мамыр күні сағат 11.45 шамасында Еламан ауылындағы №41 орта мектептің 17 жастағы 9 «А» сынып оқушысы мектептің сыртқы қоршауы жағында орталық көшеден мопедпен қатты жылдамдықпен келіп, бұрылыста көше шетіндегі бордюрға ұрылып құлаған. Дәрігерлік жедел жәрдем пунктінің фельдшер-дәрігері, мектеп медбикесі оқиға орнында балаға алғашқы дәрігерлік жәрдем көрсеткен,бірақ ауыр жарақат алған бала оқиға орнында көз жұмды.
Бұдан соң мектеп әкімшілігі 102-ге хабарласып, сынып жетекшісін жағдайды хабарлау үшін оқушының ата-анасына жіберген.
“9 сыныптардың емтиханы ертең, яғни 28 мамыр күні басталады, 27 мамыр күні 11 сыныптарда емтихан басталды.
Оқушы сағат 09.00-ден 10.30-ға дейін мектепте болған, ертеңгі емтиханға дайындық сабағына қатысып, 10.30-да үйіне қайтқан.
Мектеп әкімшілігі әкесімен сөйлескенде мопедке мінуге баласына рұқсат бермегенін айтқан. Осы уақытқа дейін мектеп мұғалімдері мен мектеп әкімшілігі баланың мопедпен жүргенін көрмегендерін мәлімдеді”, – дейді білім басқармасынан.
Сонымен қатар, ведомства 25 мамыр күні сынып жетекшісі аталған сынып оқушыларының ата- аналарымен жиналыс өткізіп, оқушылардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігі және демалыс кезіндегі ата- аналар жауапкершілігі туралы айтқанын мәлімдеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!