Маңғыстау облысында мектеп басшыларының үстінен 11 арыз-шағым түсіп, тексерулер нәтижесінде бірқатар заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «11 арыз-шағым түсті. 6 жоспардан тыс тексеру жүргіздік.

Анықталғанындай, бір мектептің директоры өзіне бөлінген сабағын өткізбеген, сол арқылы жалпыға білім беру стандартының талаптарын бұзған. Сол мектепте «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптары да бұзылған. Директор мұғалімдерге мектепке қажетті құрал алуға тапсырма берген. Сондай-ақ, мектеп әкімшілігі мұғалімнің 3 сағат жүктемесін заңсыз алып, оқу бағдарламасы орындалмаған. Сонымен қатар, тағы бір мектеп басшысы өзіне салынған айыппұлды төлеу үшін мұғалімдерден ақша жинаған. Соған сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды», – деді облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Есболат Өмірзақ өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингіде.

Жоспардан тыс тексеру барысында бір колледж басшысының атқаратын қызметіне бейіні сәйкес келмейтін мамандарды жұмысқа қабылдағаны расталды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Маңғыстау облысында жыл басынан бері жүргізілген мемлекеттік аттестаттаудың бірінші кезеңінен 28 білім беру ұйымы өтпей қалған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!