ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясынан мектеп директорының қызметкерлерді жазғы жөндеу жұмыстарына тартуға құқығы бар-жоқтығы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР Еңбек кодексінде және өзге де заңдарда көзделген кейбір жағдайларды қоспағанда, қызметкерден еңбек шартында жоқ жұмыстарды орындауды талап етуге тыйым салынады. Яғни, жұмысшының міндеттері еңбек шартында немесе қызметтік міндеттерде нақты белгіленуі керек. Ал жұмыс берушінің еңбек шартында көзделмеген жұмыстарды орындау жөніндегі талаптары қосымша төленуі тиіс», – деп хабарлады басқармадан.
Еңбек кодексінің 111-бабы 2-тармағының 2-тармақшасына сәйкес жұмысшының өз міндетінен басқа тағы да лауазымдарды орындағаны немесе уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындағаны үшін қосымша ақылардың мөлшері орындалған жұмыс көлеміне сәйкес жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы келісім бойынша белгіленеді.
Егер мектеп ұжымын еңбек келісімшартында көрсетілмеген жұмыстарды істеуге мәжбүрлесе ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына Өскемен қаласы Карл Либкнехт көшесі, 19 мекенжайына келіп немесе 8(7232) 25-65-02 телефон нөмірі арқылы шағымдана алады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!