Мектептің есепшісі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Маңғыстау облысында прокурорлар облыс орталығының жалпы білім беретін мектептерінің бірінде 76 млн теңгеден астам бюджет қаражатының жымқырғанын анықтады.
– Штаттық кесте мен банктік шоттарды салыстыру барысында 3 жыл бойы өзіне артық соманы есептеген мектептің бас бухгалтерінің тиісті және іс-жүзінде төленген жалақысының арасындағы айырмашылық анықталды, – делінген Маңғыстау облысының прокуратурасы таратқан хабарламада.
Аталған факті бойынша прокурорлармен қылмыстық іс қозғалып, тергеу ЭТД-не тапсырылды.
Тергеу барысында аталған мектептің есепшісі кінәсін толықтай мойындады.
Сот үкімімен кінәлі адам Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ысырап ету) бойынша 5 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!