Тамыз айы басталғаннан-ақ кезекті оқу жылына баласын қамдайтын ата-анадан маза кетеді. Соңғы бір ай киім-кешек, мектепке қажетті құралдарды реттеуге арналған. Осыған орай Қызылорда қаласында 5-30 тамыз аралығында мектеп формасына арналған ауқымды жәрмеңке өтпек. «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылатын шараны көпшілік асыға күтуде.
Жәрмеңкеге жергілікті «Ас-Ка» ЖШС, «Ақжүрек мүгедектер қоғамы» ҚБ, «Айша-бибі» тігін цехы және тағы да басқа кәсіпкерлер өнімін облыс тұрғындарына ұсынбақ ниетте. Шарада форма нарық бағасынан төмен әрі жоғары сапада сатылымға шығады. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға арнайы жеңілдік қарастырылған.
– Жәрмеңкені ұйымдастырудағы басты мақсат – ата-аналардың алысқа бармай-ақ балаға қажетті мектеп құралын бір жерден алуын қамтамасыз ету және тұрғындарға қажетті заттарды төмен бағада ұсыну. Қалада ұйымдастырылатын жәрмеңке Қорқыт ата көшесі №55 – «Small» сауда орталығының алаңында өтеді. Жәрмеңке сөрелеріне қойылатын барлық тауарлар төмен бағада және жоғары сапада сатылымға шығады. Осы орайда барша облыс тұрғындарын жәрмеңкеге белсене қатысуға шақырамыз! – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Азамат Қаюпов.
Ал үш жылдан бері мектеп киімін тігуді қолға алған «Ас-Ка» ЖШС цехы 8 мың өнімді жәрмеңкеге ұсынуды жоспарлап отыр.
– Цех 2007 жылдан бері тігінмен айналысып келеді. Бірақ, 2014 жылдан бастап өндіріс саласына бет бұрып, арнайы киімдерді тігуге тапсырыс қабылдадық. Қазіргі таңда мектеп формаларына да тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Осыған орай қаланы ғана емес, барлық ауданды өзіміз аралап, қолжетімді бағадағы өнімдерімізді жұртшылыққа ұсынуды жөн көрдік. Аудандарда акция 16-21 тамыз аралығында жалғасады, –деді «Ас-Ка» ЖШС директоры Дина Махатова.
Бұған қоса биыл аз қамтылған отбасыдағы 400 мыңнан астам бала материалдық көмекпен қамтылады. Ата-аналар мемлекеттен берілетін ақшаға мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарды өздері таңдап сатып ала алады. Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, биылберілетін қаражаттың ең төменгі мөлшері – 40 567 теңге. Ал ақша ата-аналардың шотына аударылады.
«Қаражат ата-аналарға балалармен бірге мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын өздері таңдап алу үшін беріледі. Қабылданған өзгерістер ата-аналар мен балаларға жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді», – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.
Мұқтаж отбасыларға материалдық көмек көрсету және балаларды 100 процент қамтамасыз ету үшін жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры жұмыс істейді. Еске салсақ, былтыр мектеп жиынтығын сатып алу сомасы 17 мың теңгеден басталған болатын.
А.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!