«Сұр көйлек ақ фартукпенен,
Келушi едi қыздар сәнiңiз,
Ақ көйлек, қызыл галстук
Жарасушы едiк бәрiмiз» деп басталатын әндегі мектеп формасының «заманы» өтсе де, өлең шумағы білім ордасына деген сағынышты әсерлі жеткізеді. Әннің жөні өз алдына бөлек, бүгінгі қаузар тақырып – мектеп оқушыларының киім-үлгісі мен нарықтағы баға жайлы болмақ.
Базардағы бағаның күн сайын шарықтап бара жатқанын бәрі біледі. Тек азық-түлік қана емес, шаруашылыққа қажетті ұсақ-түйектің өзі әжептәуір қаржыны қажет етеді. Ал, мектепке дайындалған оқушыға керек дүниелердің бағасын іштей-ақ бағамдай беруге болады. Зерттеулерге назар аударсақ, бір жылда кеңсе тауарлары елу пайызға қымбаттаған. Ал ата-аналардың сөзіне сүйенсек, ұл баланың киімі мен құрал-жабдығына шамамен 85-115 мың теңге, ал қыз балаға 90-120 мың теңге жұмсалады. Бұл бір ғана балаға қажетті қаржы, ал көп балалы отбасылар үшін бұл бағаны бірнеше есеге көбейтуге тура келеді.
− Балалардың сабаққа дайындығы басталған тұста қымбатшылық алдымыздан шығады. Ең арзан деген дүкеннен іздеп жүріп алғанның өзінде бір баланың мектеп формасы мен оқу құралына 40 мың теңге жұмсалады. Ал бір үйде бес бала болса, бұл қажеттлік 200 мың теңгеге дейін өседі. Қазақстандағы ең төмегі жалақы 60 мың деп есептесек, орташа тұрмыстағы отбасылар қаржыны қалай үнемдеуі мүмкін?! Айлығына азық-түлік ала ма әлде баласының игілігіне бере ме? Басты мәселе осы. Қазір әр балаға мектеп формасын алу үшін мемлекет тарапынан 37 мың теңге берілетіні айтылуда. Оны кім ала алады? Ата-анасының айлық есептік көрсеткіші ең төменгі күнкөріс деңгейінен асып кетпейтін балаларға ғана беріледі. Бірақ ең төменгі айлыққа қарапайым адамдар қалай күн көреді?
Базарда ер баланың ең арзан деген костюм-шалбары 15 400 теңге тұрады. Ең арзан аяқ киім − 5700 теңге. Оқушының ақ көйлегі − 4500 теңге. Оқу құралға келсек, дәптер − 38 теңге, кітап қаптағыш − 200-250 теңге, ұштағыш, өшіргіш сынды ұсақ-түйек заттардың да бағасы өскен. Былтыр дәптерді 17 теңгеден алғанбыз. Демек, биыл баға екі есе қымбаттаған. Сонда ең арзан бағаға алдым дегеннің өзінде бір балаға 40 мың теңге қажет. Мұның өзі бастауыш сыныптың оқушысына арналған баға. Жоғары сынып оқушысына ең төменгі сапада, ең арзан бағада 80 мың теңге жұмсалады. Бар адамдар қаржысын баласынан аямайды, ал айлығы аз ата-ана не істейді? Осыдан-ақ елдегі кедейшілік деңгейін бағамдауға болады. Мысалы, Құдайға шүкір, менің бес балама қымбат киім әперуге шамам жетеді, бірақ айналамдағы баласына киім әпере алмай отырған ата-ананы көргенде шырылдаймын.
Мен көпбалалы ретінде ата-аналардың жағдайын түсінемін және қолдан келгенше қайырымдылық шараларын жасауға тырысамын. Бірақ біз бірнеше отбасыны ғана қамти аламыз. Сондықтан мемлекет ата-аналардың жағдайын ескеруі керек, − дейді бес баланың анасы Жұлдыз Байдраманова .
Биыл билік тарапынан халық арасына сүйінші хабар жеткені рас. Биылдан бастап халықтың әлеуметтік осал санатындағы 400 мыңнан аса бала мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болады. Аталған көмек балаларға «Жалпыға міндетті білім беру» қоры арқылы беріледі. Осыған дейін бөлінген сома 17 мыңнан 40 мың теңгеге дейін болса, енді көмек мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден төмен болмауы керек. Балалар жылында мемлекеттен берілетін материалдық көмектің көлемі ұлғайғаны қуантады, бірақ…
Бұл көмек баланың бәріне берілмейді. Тіпті бұл тізімге көпбалалы отбасылар да енбеуі мүмкін. Себебі, мемлекеттен берілетін бұл мате¬риал-дық көмек жан басына шақ¬қандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушыларға ғана беріледі.
Осы кезге дейін оқушыларға қажетті мектеп формасын, кеңсе тауарларын жергілікті әкімдіктер алатын. Соның салдарынан киімнің сапасына, өлшеміне қатысты мәселе туындағаны да жасырын емес. Ендігі тұста мемлекеттен бөлінген қаржыға ата-анамен баланың таңдау жасай алатыны ғана көңілге медеу. Бұл жөнінде Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев келесідей мәлімдеме жасаған еді.
«Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері көпбалалы аналармен бір емес, бірнеше рет кездесіп, әкімдіктермен мәселелерді талқылап, олардың тілектерін ескере отырып, әлеуметтік осал балаларға көмек көрсету ережелерін өзгертуге бастама жасады. Ата-аналардың шотына ақша тікелей түсіп, мектеп формасын, кеңсе тауарларын және балаларға арналған аяқкиімді өз бетінше таңдай алуы үшін заңнамаға түзетулер енгіздік. Мұның артықшылығы – бала ата-анасымен бірге өзі таңдаған киіммен мектепке бара алатынында. Бұған дейін сатып алумен әкімдіктердің қызметкерлері айналысты. Осыған байланысты жыл сайын киімнің көлеміне, сапасына қатысты мәселелер туындап, балалар онымен жүруге ұялатын. Биыл әкімдіктер қаржылай көмек алуға тиісті барлық балаға кемінде 37 389 теңге көлемінде қаражат бөледі. Бұл ең төменгі сома, ал бұрын сомалар әртүрлі болды – 17 мың, 20 мың және 25 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін еді. Бүгінгі таңда ең төменгі мөлшерден артық қаржы бөлетін жергілікті атқарушы органдар да бар. Біз бұны тек құптаймыз. Қаражаттың ұлғаюы бұл көмекті алатын 418 мыңнан аса балаға оң әсер етеді» деді ол.
Жоғарыда мектепке қажетті тауарлардың қымбат бағада екенін айттық. Осы мәселеге қатысты Премьер-Министр Әлихан Смайылов құзырлы органдарға мектеп формасы мен канцеляриялық тауарлар бағасын ұстап тұру бойынша бірқатар шұғыл шара қабылдауды тапсырған еді.
«Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Ата-аналар балаларының мектеп формасы мен аяқ киімдерін, оқу құралдарын түгендеу қамына кірісті. Алайда олардың бағасы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр.
Әлбетте, баға саясатына әлемдік логистиканың қымбаттауы, шикізат пен қызметтердің құны тікелей әсер етеді. Бірақ Үкімет пен әкімдіктерде қазақстандықтар үшін қаржылық шығындарды жеңілдетуге мүмкіндік беретін механизмдер бар. Бұл ретте, мен бірқатар шұғыл шара қабылдауды тапсырдым» деді Премьер-Министр. Енді мектеп формасының бағасын ұстап тұру үшін Индустрия министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен және әкімдіктермен бірлесіп, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының, ірі тігін цехтары мен ательелердің өкілдерімен келіссөздер жүргізеді. Әкімдіктер «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, облыс және аудан орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында төмендетілген бағамен мектеп жәрмеңкелерін, сондай-ақ жылжымалы мектеп автодүкендерінің шалғай ауылдарға шығуын ұйымдастырады. Осындай маңызды қадамдарды атап өткен Әлихан Смайылов бұл мәселе үнемі Үкіметтің бақылауында болатынын жеткізген еді. Мұның өзі − ата-аналардың көңіліне үлкен медеу.
Көпшілікті алаңдатқан тағы бір сауал бар. «Оқушыларға міндетті мектеп формасы енгізіледі ме, оған қандай талаптар қойылады?» деген сауал қоғам талқысына түскені рас. Кейбір ата-аналардан мектептерде мектеп формасына қойылатын талаптар, яғни түс, киім дизайны бойынша шағымдар түскен. Осыған байланысты кейбір өңірлерде білім басқармалары ата-аналар қауымдастығы және қамқоршылық кеңестерімен келісе отырып, әр мектеп өз талаптарын қоймауы үшін өңірде бірыңғай түсті енгізуді, сол арқылы ата-аналардың таңдауына шектеу қою жөнінде шешім қабылдады. Нәтижесінде оқушылардың міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгерістер енгізіліп, бұйрық жобасы дайындалды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова мәлімдеген болатын.
«Жаңа оқу жылына дайындық жаздыгүні басталады. Баланы мектепте дайындауда ата-ананы ойландыратын жайттың бірі − мектеп формасы. Көптеген ата-ана мектеп формасын сапалы әрі қолжетімді бағамен сатып алғысы келеді. Бүгінгі таңда міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгерістер енгізіліп, бұйрық жобасы дайындалды. Ата-ана өзі қалаған мектеп формасын еркін таңдай алады. Барлық өңірдегі білім басқармалары мен бөлімдері ата-аналарға мектеп формасын таңдауда бірыңғай түсті ұсынады», – деді Гүлмира Кәрімова ҚР Білім және ғылым министрлігінің аппараттық жиналысында. Мектеп формасының бала тәрбиесіне әсері бар екенін айтқан ол оқушылардың киіміне эмблема немесе басқа да мектеп белгілерін жапсыруға болатынын жеткізді. Бұл жағдай оқушылар арасындағы әлеуметтік, мүліктік және өзге де айырмашылықтарды жоюы мүмкін.
Ал мектеп оқушысының білім ордасына хиджаб киіп баруына болады ма? Аталған сауалды қойғанда көпшіліктің пікірі екіге бөлінеді. Бірі мектеп оқушысының жабық киінгенін құп көрсе, енді бірі бұл формаға наразы. Осы орайда Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов формадан бұрын оқушылардың білім алуы маңызды екенін баса айтты.
«Министрліктің тиісті бұйрығы бар. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Мектептер де зайырлы мекеме. 2016 жылдан бері қабылданған бұйрық бар. Ол өзгермеді және өз күшін жойған жоқ. Әрине, мектеп формасын сақтау керек. Алайда шындыққа тіке қарап, проблеманы жасырмауымыз қажет. Осы мәселеге қатысты балалардың мектепке бармай жүрген фактілері де бар.
Білімнің инклюзивті болуы өте маңызды, яғни осы балаларға білім беруіміз керек. Ол онлайн форматта да болуы мүмкін. Қазір мектепке бармайтын балалар не істеп жатыр? Мысалға ол балалар «шетелде оқимыз» деп мектептен құжаттарын алып кетеді. Бірақ шындығында олар Қазақстанның шекарасынан сыртқа шығып, ешқайда бармайды. Елімізде онлайн білім беру болмағандықтан көрші мемлекеттердің онлайн-мектептерінен білім оқып жатыр. Ал кейбірі тіпті мектепке баруды мүлде қойған. Ал мұндайға жол беруге болмайды. Балаларымыз міндетті түрде білім алуы керек» деді министр.
P.S. Биыл мектеп формасына қатысты тақырыпта өзгеріс бар. Мемлекет жаңа мүмкіндік қарастырды. Бірақ базардағы баға екі есеге қымбаттады. Мектеп формасын таңдауға еркіндік берілді. Дегенмен мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Әзірге балалар мектеп формасы мен оқу құралдың қымбаттығына алаңдамай, сапалы білім алса деген тілек қана бар.
Гүлдана ЖҰМАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!