Ақмола облысында «Еңбек-Аршалы» филиалының басшысы мен мердігер компаниялардың директорлары сыбайлас жемқорлық үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, биылғы жылғы желтоқсанның 5-де Ақмола облысы Аршалы аудандық сотының үкімімен ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты «Еңбек» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Еңбек-Аршалы» филиалы директорының міндетін атқарушы К.М.Асмагиев сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқыру жолымен ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Осы үкіммен оның көмекшілері – мердігер компаниялардың директорлары С.С.Жаманшалов пен Н.С.Жаманшалов 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Тергеу мәліметтері бойынша, жоғарыда аталған адамдар 2019 жылдың тамыз айынан қыркүйек айына дейін Аршалы ауданының орта мектебінің ғимаратын жөндеуге бөлінген 26 499 067 теңге сомасында бюджет қаражатын ұрлаған. Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деді ведомстводан.

Айта кетсек, Ақмола облысында екі елік атып алған браконьерлер ұсталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!