Қазіргі уақытта мектептердегі мұғалімдердің орташа жалақысы – 343 мың теңге. 2023 жылдың қаңтарында педагогтердің еңбекақысы тағы 25% өседі. Бұл туралы Алматыдағы білім форумы барысында министр Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2019 жылы еліміздегі орташа жалақы 168 мың теңге болса, орта білім бойынша орташа жалақы 115 мың теңге еді. Көріп отырсыздар, елдегі орташа жалақыдан әлдеқайда төмен болды. 2022 жылдың екінші тоқсанында еліміздегі орташа жалақы 312 мың теңге болса, орта білім деңгейі бойынша орташа жалақы 343 мың теңгеге жетті. Демек, орташа жалақыдан сәл жоғары. Бұл – Президенттің алға қойған тапсырмасы», – деді ол.
Сондай-ақ, министр келесі жылы мұғалімдердің еңбекақысы өсетінін айтты.
«2023 жылдың қаңтарында жалақы 25% өседі. Тұтастай алғанда, оқытушының мәртебесін көтеру және оларды әдеттен тыс қызметтерге тартпау, жауапкершілікті азайту, жалақыны көбейту, университеттердің академиялық еркіндігі және педагогикалық мамандықтар бойынша бітірушілерді аттестаттау жүйесі үйлесе отырып, бізге қалаған нәтижені алуға мүмкіндік береді. Мен болашаққа оптимистік көзқараспен қараймын», – деді Асхат Аймағамбетов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!