2024 жылы мектеп пәндері 100 пайыз электронды форматқа көшіріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді

«Сонымен қатар виртуалды зертханалар мен геймификация элементтері цифрлық контентке енгізілуде. Электронды оқулықтар әзірлеу жұмысына еліміздегі 11-ден аса отандық баспа атсалысты. Пәндерді электронды оқулықтармен 100 пайыз қамту 2024 жылға жоспарланған. Педагогтер үшін электронды оқулықтарды тиімді пайдалану әдістемелері әзірленіп, оқыту жұмыстары басталды», – деді ол.

Министр электронды оқулықтармен қатар мектептерде қосымша оқу материалы ретінде мультимедиалық контенті бар цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылатынын айтты.

«Қазір 50 мыңнан аса цифрлық білім беру ресурсы жасалды. 2023 жылдың басынан бастап Цифрлық білім беру ресурстарына 6,7 мың мектеп қосылды. Бұл ресурстарды бүгінде күн сайын 3 миллионға дейін оқушы мен мұғалім қолданып келеді. Цифрлық білім ресурстарында барлық сыныптарды қамтитын 50 мыңнан аса бейнесабақ жарияланған», – деді министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!