Әкімшілік полиция комитеті төрағасының айтуынша, тізім жылдың басында жасалып, оған қатысты бұйрық әділет министрлігіне жіберілді

. Ішкі істер министрлігі білім және ғылым министрлігімен бірге мектепке әкелуге тыйым салынған заттардың тізімін жасап шықты.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашевтің айтуынша, тізім жылдың басында жасалды. Ал оған қатысты бұйрық әділет министрлігіне жіберілген болатын. Осы құжатты тіркеуге алу қажет. 

«Бұйрық осы айда заңды күшіне енеді. Ал мектепке әкелуге тыйым салынған заттардың санатына қару-жарақ, пышақ, айырсадақ, кастет және тағы сол сияқты заттар кіреді. Сондай-ақ, жарылғыш құралдарына ұқсайтын затты, аэрозоль бояуын, пиротехникалық зат пен газ баллоншасын білім беру мекемесіне әкелуге тыйым салынған», – деді Баймұқашев онлайн брифингте.

Айта кетейік, комитет басшысы білім беру ұйымдарының көбі лаңкестік жағынан осал нысандардың қатарына жатқызылғанын да жеткізді. Осыған орай, үкіметтің тиісті қаулысы қабылданды. Онда лаңкестікке қарсы қорғанысты ұйымдастыру бойынша жаңа талаптар бекітіліп отыр. Бұрын осы талаптар ұсыныс ретінде ғана таратылып тұрған. Ендігі кезекте міндетті шара болып саналады. Олар:

  • бейнебақылау жүйесі;
  • ұжым мен келушілерді құлақтандыру құралдары;
  • дабыл түймешегі;
  • рұқсатпен кіру жүйесі;
  • арнайы күзет;

Осы талаптардың барлығы міндетті түрде орындалуы шарт. Бүгінде республика бойынша 408 мектепте арнайы күзет бар. Бірақ осы білім беру нысандарының барлығы ірі қалаларда орналасқан. Бұдан бөлек, 1 000-нан астам мектеп дабыл жүйесіне қосылса, 333 мектепте турникет орнатылған.

sputnik.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!