Елордада мектепке бармайтын балаларды анықтау үшін рейд жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Дәлелсіз себептермен мектепке бармайтын балаларды анықтау мақсатында елордалық Полиция департаментінің учаскелік инспекторларымен бірлесіп, «Үркер», «Пригородный», «Тельман», «Заречное», «Железнодорожный», «Көктал», «Интернациональный», «Мичурино», «Промышленный», «Юго-Восток» тұрғын үй алаптарына рейдтер жүргізіліп жатыр.
Құрметті қала тұрғындары, өздеріңіз тұратын үйде, аулаңызда, таныстарыңыздың арасында кәмелет жасқа толмаған мектепке бармайтын балаларды байқасаңыздар, Білім басқармасына немесе учаскелік полиция қызметкерлеріне хабарлауды сұраймыз. Біздің және жалпы қоғамның мақсаты – барлық баланы орта біліммен қамтамасыз ету. Сондықтан, осы істе қолдауларыңызды сұраймыз», – деді қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев Астана коммуникациялар орталығында.
Бұған дейін Қасымхан Сенғазыев «Мектепке» жол акциясы аясында 22 мыңнан астам балаға көмек көрсетілетінін айтқан еді. Атап айтқанда, Астанада жағдайы төмен отбасы балаларына 41 мың теңгеден беріледі. Бұл көмекті алу үшін ата-аналар мектепке жүгінуі қажет.
Сондай-ақ, биыл жаңа оқу жылында Астанада 255 мың бала білім алады. Бірінші сыныпқа 27 мыңнан астам бала барады деп күтіліп отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!