Қыркүйек айы таяғанда жаңа оқу жылына жаппай дайындық басталады. Ата-ана баласын киім-кешек, оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін барын салады. Көңілін пәс, қатарласынан кем етпесі үшін соңғы тиынына дейін санап беруге даяр тұратыны содан. Дегенмен қос бүйірден қысатын қымбатшылық бала қалауын түгел орындауға мұрсат бермейді. Отбасындағы бірнеше баланың бабын табуда кенеттен келеңсіздікке тап болуына сол себеп. Мұндайда «мектепке жол акциясы» зор мүмкіндік береді.

Бұл акция аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған. Жыл сайын жүйелі жүргізілетін жоба мектепке дайындық жұмыстарын жеңілдетуге негіз. Акция астарында қазақ халқының қанына сіңген қайырымдылық пен ізгілік астасып жатыр. Себебі көмек қолын созуға ниетті кәсіпкерлер мен жомарт жандар жақсылығын жариялауды емес бала көңілін табуды жөн санайды. Ойлы оқушының еш кедергісіз білім алуына қажетті жадай жасау керегін түсінетін Қызылорда «Қалалық жастар ресурстық орталығы»  «Мекетепке жол» акциясын ұйымдастырды.

Әлеуметтік жағдайына сәйкес қала мектептерінің ұсынған тізімі бойынша сұраныс қанағаттандырылды. Яғни қалалық қоғамдық даму бөлімінің мамандары,  «Qosyl» командасы мен демеушілер көмегімен 15 оқушыға мектепке қажетті құрал-саймандар мен жабдықтар табысталды. Аталмыш акция тамыз айының 18-не дейін жалғасатын болады.

 –Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар көбейіп келеді. Соның бір көрінісі ретінде бүгінгі акцияны айтуға болады. Мектеп әкімшілігі арқылы аталмыш көмекті қажет ететін балалардың тізімі жасақталып, анонимді түрде тізімін ұсындық. Тез арада жастар орталығының көмегімен оқушыларға көмек көрсетілді. «Қуанса бала қуансын» демекші балаларға адресті түрде мектеп әкімшілігі жеткізіп табыстайтын боламыз. Ұйымдастырушыларға, демеушілерге ерекше алғыс білдіреміз, – деді Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің мұғалімі Айнұр Қараева. 

Бала игілігіне бағытталған игі істер мұнымен тоқтамақ емес. Сонымен қатар акция аясында мектеп формасына арналған жәрмеңке тамыз айының 30-на дейін жалғаспақ. Ал аудандарда өткізілетін жәрмеңке 16-21 тамыз аралығын қамтиды. Бұл жәрмеңкеге жергілікті «Ас-Ка» ЖШС, «Ақжүрек мүгедектер қоғамы» ҚБ, «Айша-бибі» тігін цехы және тағы да басқа кәсіпкерлер өз өнімдерін облыс тұрғындарына ұсынбақ ниетте. Жәрмеңкеде мектеп формалары нарық бағасын төмен әрі жоғары сапада сатылымға шығады. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына да арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Иә, баланы мектепке дайындау оңай емес. Мектеп формасының мұңы мен оқу құралдарының шарықтаған құны көпті титықтатып жібереді. Тіпті өткен жылы өзге қала тұрғындары да көтерілген бағаға күйінетінін жеткізіп еді.

–Әр балаға кем дегенде 100 мыңдай теңге дайындау керек. Киімдер өте қымбат. 4-сыныпқа баратын ұлымның формасының өзі 40 мың теңгеден асады. Аяқ киімді стаушымен саудаласып 15 мың теңгеге алдық. Амал жоқ», – деді тұрғыны С.Алтайқызы.

Қымбатшылықты сатушылар да мойындайды. Тауарды  Қырғыз, Қытай Туркиядан алдырады. Отандық өндірістегі мектеп формаларының көтерме бағасының өзі қалтаға жеңіл тимейтінін тілге тиек етті.

Мектеп формасы былтырғымен салыстырғанда қымбаттаған. Қазір базарда юбканың құны 8 мың мен 10 мың теңге  аралығында. Ақ жейденің өзі әжептәуір ақша. Шалбардың сапасы жақсысы 12 мыңнан асып жығылады. Костюм-шалбардың бағасын айтпай-ақ қояйық.

Айтып-айтпай не керек?! Мектеп формасын алғанда да бір жейде мен бір белдемшемен шектелмейсің. Өйткені төрт тоқсан бойы оқитын оқушы үшін бір жейденің тоз-тозы шығатыны белгілі. Сондықтан Жыл сайын ата-ананы алаңдататыны форманың әуресі мен бағасы. Ал әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасы үшін бұл қалтаға салмақ салатыны түсінікті. Сондықтан дәстүрлі түрде өткізілетін акция мен қарастырылатын жеңілдіктер жағдайды жеңілдететіні сөзсіз. Әсіресе көмектесуде кері шегінбейтін кәсіпкерлер мен ізгіліктің ізін жалғаған қолы ашық жандар талай балаға қуаныш сыйлағаны анық. Асылында қыркүйектегі сыңғырлаған қоңыраудың қоңыр үні мен баланың шат күлкісі қатар естілсе ғажап емес пе?!

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!