Фото: KAZ.NUR.KZ

Екі күн бұрын полицияға Атыраудағы мектептердің бірінде жарылғыш зат бар деген хабарлама келіп, оқушылар шұғыл эвакуцияланған болатын. Кейін әлеуметтік желіде Атырау мектептерінде бәзбіреулер қылмыс жасауға дайындалып жатыр деген ақпарат та таралды. Осыдан кейін ата-аналар балаларын сабаққа жібермеген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Кеше әл-Фараби атындағы BINOM мектеп-лицейінің көлік тұрағында әдеттегідей көлік кептелісі болған жоқ. Мектептің жанында патрульдік машина тұрды.

«Кеше түске дейін 1-сынып оқитын қызымды әкелдім. Сабаққа барлығы 5 оқушы келіпті. Аллаға аманат. Бомба қойғысы келген адам алдын ала хабарламайды ғой. Мен мұндайға сенбеймін. Мектеп ұстаздары да жағдай бақылауда екенін жазды», – дейді ата-аналардың бірі.

Мектеп-лицей директоры Өнербек Ерғалиевтың айтуынша 25 қаңтар күні өзінің желідегі парақшасында белгісіз біреу «мектепте жарылғыш зат бар» деген хабарлама қалдырған.

«Мен бірден полицияға хабарластым. Оқушылар мен ұстаздар шұғыл түрде эвакуацияланды. Құзырлы орган қызметкерлері мектепті түгел тексеріп шықты, бірақ ешқандай күдік тудыратын зат таппады», – дейді мектеп директоры.

Алайда осы жағдайдан кейін ата-аналар шошып қалған көрінеді. Кеше, жұма күні екі ауысымда оқитын 4000 баланың сабаққа 700-і ғана қатысқан.

Атырау білім беру басқармасы баспасөз қызметі маманының айтуынша, қаладағы оқу орындары штаттық режимде жұмыс жасап жатыр. Тек әл-Фараби атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінде ғана көп оқушы сабаққа бармаған. Басқа мектептерде жағдай бірқалыпты.

Алайда ата-аналар чаттарында соңғы жағдайларға байланысты балаларын сабаққа жібермегендердің қарасы көп екенін байқауға болады.

Атырау полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде белгісіз тұлғалар Атырау қаласындағы мектептерде қылмыс жасауға дайындалып жатқаны туралы ақпарат таратқан. Осы факті бойынша полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

«Қазіргі таңда құзырлы органдармен бірлесіп, үрей туғызатын ақпаратты таратқан тұлғаларды анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бейнебақылау арқылы және оларға жақын жерлерде полиция жасақтарын көбейту арқылы күшейтуге ерекше назар аударылады. Осыған ұқсас жалған хабарламалар ағымдағы жылдың басында Ресей федерациясының бірқатар қаласында және Ақтөбе қаласында да тараған. Жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында», – деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаменті өкілдері.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!