Мектептерді жаңғырту, қайта құру, жөндеу және салу үшін жеке мемлекеттік бағдарлама қажет. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат facebook-тегі өзінің парақшасында жазғанындай, Бәйтерек ауданының Новенький, Достық, Макаров ауылдарын аралаған кезде келеңсіз көріністің куәсі болған. «Сарайға көбірек ұқсайтын білім ордаларында болдым. Жартылай апатты, қираған ескі ғимараттардың төбесінен су аққан, қабырғалары жарылған, бұрыштары көгерген, едендері жалба-жұлба. Осындай мектептер күн сайын балаларды қабылдайды. Балалар мұндай қараңғы жерге кіргісі келмейтін шығар, бірақ білім үшін, амалы жоқ, барады. Бір мектепке мыңға жуық, екіншісіне алты жүздей, үшіншісіне елу оқушы келіп жүр.

«Тұрмыс сананы билейді» деп жатады. Егер осы қағиданы ұстансақ, балалардың білімі қираған сарай секілді төмен болуы керек еді. Алайда соған қарамастан, бұл мектептерде оқу озаттары көп, түрлі олимпиада жүлдегерлері, жобалар жеңімпаздары баршылық. Мұғалімдерге тағзым!» деп жазды Снежанна Имашева. Ол сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке қарата: «Бізге мектептерді жаңғырту, қайта құру, жөндеу және салу үшін жеке мемлекеттік бағдарлама қажет. Мұндай мектептер елімізде аз емес. Тек әкімдерге үміт артуға, олар қашан қаржы табады деп күтіп отыруға болмайды», деді ол.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!