Түркістан облысында санитарлық талаптарды сақтамаған мектептер бойынша 876 тұлғаға 271 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне қарасты басқармалар тарапынан ерекше тәртіп бойынша 824 мектеп тексерілген. Анықталған кемшіліктерге сәйкес 876 тұлғаға 271 672 785 теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның ішінде 105 заңды, 207 лауазымды және 290 жеке тұлға бар. Сондай-ақ, тексеру нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабының 1-тармағы «қорытындысыз жұмыс бастау» бойынша – 426 материал, 462-бабының 3-тармағы «берілген ұйғарым талаптарының орындалмауы» бойынша – 87 материал сотқа жолданған.

«Мектептер эпидемиялық мәні жоғары объектілер тізіміне кіргендіктен, жылына 1 рет санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тарапынан ерекше тәртіппен тексеріледі. Алайда, тексеру туралы хабардар болған мектеп әкімшілігі мектеп ғимаратының санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес болуына қатаң назар аудармайтыны анықталды», – деді Асқар Ысқақов.

Спикердің айтуынша, мектептерде жиһаздың таңбаланбауы, сабақтар арасындағы үзіліс уақыты сақталмауы мен сабақ кестесі қиындығы бойынша пәндерді саралау кестесінің гигиеналық талаптарға сәйкес бекітілмеуі, қоқыс контейнерлерінің тазаланбауы, жуылмауы және дезинфекцияланбауы, санитариялық тораптардың уақтылы алынбауы, дезинфекциялау жұмыстары жүргізілмеуі сынды кемшіліктер жіберілген.

Айта кетейік, Түркістан облысында 980 мектеп, 21 интернат, 4 балалар үйі бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!