Жергілікті білім басқармаларының деңгейінде де осындай қысым болып жатқанын түсінемін.
Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің кезекті аппараттық кеңесінде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кеңесте ротация мәселесі көтерілді. Директорларды ротациялау институты – бірінші басшысының кәсіби әлеуетінің неғұрлым тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын жаңа институт. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 21 қарашадағы 559-шы бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларында бірінші басшының білім беру ұйымында атқаратын лауазымында рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі жеті жылдан аспайды.
«Қазір ротация бойынша біздің деңгейімізге шықпайтын адам жоқ. Мына директорды орнында қалдыру керек, орнына тиіспеу керек деген сияқты. Жергілікті білім басқармаларының деңгейінде де осындай қысым болып жатқанын түсінемін. Бұл мәселе осы ротация механизмінің өте қажет екенін тағы бір мәрте көрсетеді. Әбден бір орында отырып, мектепті уақытша жұмыс сияқты емес, мемлекеттік қызмет сияқты емес, өзінің мұра болып қалған жеке меншік ұйымы сияқты сезініп жатқан әріптестеріміз бар. Сондықтан мектеп басшылары уақыты келгенде орындарын ауыстырып, жаңа орынға барып, жаңа мектепті гүлдендіруге атсалысу керек», – деді министр.
Айта кету керек, бүгінгі күні мемлекеттік балабақшаларда 3019 меңгеруші жұмыс істейді, оның ішінде 7 жылдан астам еңбек өтілі бар 639 адам. Ал мемлекеттік мектептерде 6299 директор жұмыс істейді, оның ішінде 7 жылдан астам еңбек өтілі бар 1240 директор бар.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!