Оқушылар арасында құқықбұзушылық пен әлімжеттік күрделі мәселе болып отыр. Өзектілігі өшпеген мәселелерге тоқтау салу мақсатында «Мектеп медиациясы» қолға алынып, қолдауға ие болып келеді. Медиатор – тәрбиеге мән беретін тәуелсіз тұлға. Медиацияға қатысушы тараптар медиатордың тәжірибесіне, білімі мен іскерлігіне жүгіне отырып, оңтайлы шешім таба алады. Барлық ынталы тараптармен ынтымақтаса әрекет етіп жүрген заманауи білім ошақтары білім беріп қана қоймай, тұлға ретінде тәрбиелеп шығаруы парыз. Білім деген теңіздің айдынында ауқымды мәселені ақылмен шешу қажет. Ежелден-ақ, тоқсан рулы елдің мәселесін тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, төрелігін айтатын дана халықтың ұрпағымыз. Сондықтан заманауи медиация бағыты да бізге жат емес.

Кәсіби медиаторлар ата-аналарға, мектеп психологтары мен тәрбие ісінің мамандарына даулар мен кикілжіңдердің алдын алуда өз септігін тигізуде. Мектеп тәрбиесіндегі қисыны қиын мәселелердің шешілуіне тың бастама мен жаңа бір серпін алып келді. Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғап, дауды сотқа жеткізбеу үшін қолға алынған бастама.

Құқықбұзышылықтың деңгейін төмендету, оны сотқа жеткізбей реттеу, сотта бітімгершілікті қолдану үшін мектепте тәрбие жұмыстарын жан-жақты жетілдіру медиация мамандарының жұмысы. Мектеп медиациясына байланысты меморандумға қол қою қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің күн тәртібінде тұр. Медиация туралы заң 2011 жылы бекітілген. Медиаторлардың сөзінше медиация шаралары соңғы жылдары көз ілеспес қарқынмен дамып келеді.

Медиатордың жұмысын кәсіби негізде жүзеге асыру үшін адамның жоғары білімі, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқу оқығанын растайтын сертификаты, кәсіби медиаторлар тізіліміне енгізілген және кем дегенде 25 жасқа толған болуы керек. Олар медиацияны ақылы негізде де, тегін де жүзеге асыра алады. Төленетін сыйақының мөлшері тараптар мен медиаторлардың келісімі бойынша анықталады. Екі жақ келісіп, медиаторға басқа да талаптар қоюға құқылы. Бітімгерлерді жергілікті қоғамдастық өкілдері таңдайды. Медиация туралы заңда медиаторға қарсылық білдіру, медиациядан бас тарту сияқты талаптар қарастырылған.

Заңының 13 бабына сәйкес, медиаторлар ұйымдары медиаторлардың бастамасы бойынша «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының заңында көзделген ұйымдық-құқықтық нысандарда құрылған коммерциялық емес, мемлекеттік емес, өзін-өзі қаржыландыратын және өзін-өзі басқаратын ұйым.

Мектеп медиациясы қызметінің негізгі мақсаты балалар мен жасөспірімдердің толыққанды дамуы және әлеуметтенуі үшін, сонымен қатар заңға қайшы іс-әрекеттерді қоса алғандағы өмірлік қиын жағдайларда амансау, адамгершілікті және қауіпсіз кеңістік (орта) қалыптастыру болып табылады.

Тұлғаның тиімді дамуы және әлеуметтенуі үшін әлеуметтік-қауіпсіз ортаның қалыптасу деңгейінің негізгі индикаторлары:

  • педагогикалық қызметкерлерге, сонымен қатар балаларға медиация негіздерін (медиативті көзқарас және «тең құқықтылар топтарындағы» жағымды қарым-қатынас технологиялары) оқыту арқылы білім беру үдерісінде туындайтын қақтығыстардың қатысушылары арасында деструктивті әсерді азайту;
  • балалар арасында агрессивті, зорлықшыл және әлеуметке қарсы көріністерді азайту;
  • кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың санын азайту;
  • бала дамуында қолайсыз траекторияның алдын алу үшін жағдайлар қалыптастыру;
  • білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының әлеуметтік және қақтығыстық құзіретіліктерінің деңгейін арттыру.

Мектеп медиациясы қызметінің негізгі міндеттері мыналар:

  1. Қалпына келтіруші – жәбірленуші мен кінәлінің қоғамдағы статусын, олардың бір-бірімен және мектеп қауымдастығындағы қарым-қатынастарын қалпына келтіру;
  2. Білім беруші – білім алушылар мен педагогтердің коммуникативті құзіреттіліктерін арттыру;
  3. Тәрбиешілік (рефлексия, дербестілік, өзіне жауапкершілік алу, болашақты жоспарлау, қарым-қатынастың құндылығын дамытуды ынталандыру);
  4. Алдын алу (қақтығыстарды болдырмау).

Мектеп медиациясын қолданудың өзіндік нақты шекаралары немесе шектеулері бар:

  • барлық қақтығыстарды осы әдіс арқылы шешуге болмайды;
  • балалар ересектер арасындағы (ата-аналар мен мұғалімдер, әкімшілік пен педагогтер және т.б.) қақтығыстарды шешпеуі тиіс.

Мектеп медиациясы қызметінің құрылуы мен қызмет көрсетуі оның кураторына (жетекшісіне) байланысты. Мектеп медиациясының кураторы (жетекшісі) және медиаторлардың біліктіліктеріне мамандар келесі талаптарды қояды:

  • кураторлар қалпына келтіруші медиацияда өзіндік тәжірибесі бар тренерлерден сабақ алуы тиіс;
  • жылына кем дегенде бір рет кәсіби қауымдастықта өз жұмысының супервизиясын өтуі керек;
  • медиация қызметі туралы жаңартылған ақпараттық сайттарға еркін қол жетімді болуы;
  • қалпына келтіруші медиация бойынша семинарларға, біліктілікті арттыру курстарына, конференцияларға қатысу мүмкіндігінің болуы.

Гульмира Тулемисова

Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, Ы. Алтынсарин атындағы

204 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!