Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда бұл қадам қала мен ауыл ара­сын­дағы білім беру саласындағы алшақ­тықты қысқартуға жол ашатынын айтты. «Азаматтардың сауаттылығы мен цифр­­лы біліктілігін арттыру мақса­тында Үкі­метке Үздіксіз білім беру тұжы­рым­дама­сын әзірлеуді тапсырамын. Бұл құ­жат­та бейресми білім берудің баламалы нұс­қаларын көптеп енгізу, өз бетінше оқу нә­тижелерін мойындау, кәсіби дағ­ды­­ларды сертификаттау мәселелерін қарас­тыру қажет» деді Мемлекет Басшысы. Бұл жоба кәсіби білім бе­ру­дің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұ­ра­нысқа ие білікті мамандар қалып­тас­тыруға бағыттайды. Кәсіпкерлердің жаңа буынын қалып­тас­­тыруға басымдық беріледі. «Кәсіпкерлік негіздері» пәні мек­­тептен оқытылатын болды. Сондай-ақ Президент өскелең ұрпақтың спорттық және шы­ғар­машылық әлеуетіне аса назар аудару қажет екенін айтты. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға айрықша көңіл бөлінетін болады. Бұл бағытта әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелері ашылмақ.

Мұнан бөлек мемлекет басшысы «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн деп ой тастады. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру,  қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерін алуына жол ашу қажеттігін айтты.

Жүсіпбек Аймауытов «Оқу, білім – жанған шырақ ойласаң, Үйренерсің, іздеп көрсең – қалмасаң, Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал, Пайда аларсың, қаужанарсың, тоймасаң» деп жас буынға өсиет қалдырған. Қай заманда болсын өз құндылығын дәлелдеген білім кемесінде оқушыларымыздың жолы болсын. Зейіні ашылсын!

«Демократияның басты жауы – білім­сіздік пен популизм» деген Президент ел дамуы жолында барша азаматтарды табысты, бірлікпен, жауап­кер­шілікпен еңбек етуге шақырды. Жолдауда Президент жастардың бойынан көргісі келетін бес қасиетке тоқталды. «Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет», − деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Президенттің бұл сөздері жаңа оқу жылын бастаған сәтте бізге соны серпін берді. Ел болашағы балаларды тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатуда жемісті еңбек етуіміз керек.

Қарлығаш АБДРАХМАНОВА,

С.Лапин атындағы №261 орта мектептің директоры, Қызылорда қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!