Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда бұл қадам қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашатынын айтты. «Азаматтардың сауаттылығы мен цифрлы біліктілігін арттыру мақсатында Үкіметке Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл құжатта бейресми білім берудің баламалы нұсқаларын көптеп енгізу, өз бетінше оқу нәтижелерін мойындау, кәсіби дағдыларды сертификаттау мәселелерін қарастыру қажет» деді Мемлекет Басшысы. Бұл жоба кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттамақ. Кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға басымдық берілмек. «Кәсіпкерлік негіздері» пәні мектептен оқытылатын болды. Сондай-ақ Президент өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне баса назар аудару қажет екенін айтты. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға айрықша көңіл бөлінетін болады. Бұл бағытта әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелері ашылмақ.
Мұнан бөлек Мемлекет Басшысы «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн деп ой тастады. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерін оқыту қажеттігін айтты.
Жүсіпбек Аймауытов «Оқу, білім – жанған шырақ, ойласаң, Үйренерсің, іздеп көрсең, қалмасаң, Қу өнерді, бу беліңді, жігер сал, Пайда аларсың, қаужанарсың, тоймасаң» деп жас буынға өсиет қалдырған. Қай заманда болсын өз құндылығын дәлелдеген білім кемесінде оқушыларымыздың жолы болсын. Зейіні ашылсын!
«Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм» деген Президент ел дамуы жолында барша азаматтарды табысты, бірлікпен, жауапкершілікпен еңбек етуге шақырды. Жолдауда Президент жастардың бойынан көргісі келетін бес қасиетке тоқталды. «Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет», − деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Президенттің бұл сөздері жаңа оқу жылын бастаған сәтте бізге соны серпін берді. Ел болашағы балаларды тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатуда жемісті еңбек етуіміз керек.
Қарлығаш ӘБДІРАХМАНОВА,
С.Лапин атындағы №261 орта мектептің директоры,
Қызылорда қаласы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!