Ақтөбе облысындағы 410 мемлекеттік мектептің 77-інде спорт залы жоқ. Ал 37 мектепте асхана қарастырылмаған. Жаңа оқу жылы қарсаңында Ақтөбе облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гульнара Сарсенгалиева брифинг өткізіп, кемшіліктерді тізбектеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті жаңа оқу жылы қарсаңында мониторинг жүргізіп, қорытындысын шығарды.

Онда күрделі жөндеу жүргізілген мектептер мен ескі білім ордаларындағы кемшіліктер қайта көтерілді.

Қазіргі кезде Ақтөбе облысы бойынша барлығы 410 мемлекеттік мектеп бар. Оның тең жартысынан астамында әктеу, сырлау секілді кішігірім жөндеу жүргізілген.

Ал шағын жөндеу тамыз айының соңына дейін жалғасады. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 25 мектептегі жағдай өзге.

Оның 12-індегі жұмыс қыркүйекте аяқталмауы мүмкін.

«Бекітілген жоспар бойынша күрделі жөндеу жұмысын 13 мектепте 1 қыркүйекке дейін, 12 мектепте 1 қыркүйектен кейін аяқтау жоспарланған. Егер жөндеу қыркүйекте аяқталмаса, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін уақытша орналасу орындары белгіленді. Олар: Ақтөбе қаласы Сазды орта мектебі, М. Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандырылған мектеп-интернаты, Қобда ауданындағы Жиренқопа орта мектебі, И.Тайманов атындағы мектеп-гимназия, Шалқар ауданындағы Үргенішпаев және Ә. Жангельдин атындағы орта мектептер, Әйтеке би ауданы Енбекту негізгі мектебі. Біз мердігерлермен кездесіп, қыркүйекке дейін аяқтау үшін жұмысшы санын көбейту керегін айттық. Аталған жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуы министірлік және жергілікті атқарушы орган тарыпанан тұрақты бақылауға қойылған»,- деді Ақтөбе облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнара Сәрсенғалиева.

Статистика сүйенсек, облыс мектептерінің 40,3 пайызына, яғни, 165-іне күрделі жөндеу қажет. Облыстың 77 мектебінде спорт залы жоқ. Ал 74-інде спорт инвентарлары жеткіліксіз.

«Спорт құралдары Ырғыз ауданының 47,6%, Мұғалжар ауданының 37,8%, Әйтеке би ауданының 36,7% мектептеріне қажет. Яғни, спорт құралдарының тозығы жеткен, мектеп жанындағы спорт алаңының қоршауын ауыстыру керек. Мониторинг барысында асхана бөлмесімен қамтылмаған 37 мектеп анықталды,. Онда 362 оқушы бекітілген категориялар бойынша тегін тамақпен қамтылуы тиіс. Сондай-ақ білім ордаларының 29,8 пайызының жылу қазандығы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Облыс мектептері толық жылы дәретханамен қамтылған, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Алайда Мәртөк ауданы Егізата негізгі мектебі, Дмитриевская негізгі мектебі, Қобда ауданы Ақсай бастауыш мектебі биотуалет қолданады. Сондай-ақ кейбір мектептерде даладағы дәретхана да пайдаланылатыны анықталды»,- деді Гүлнара Сәрсенғалиева.

Оның сөзінше, облыс мектептерінің 58% жаңа үлгідегі физика кабинетімен, 52,3% химия, 54,3% биология кабинетімен жабдықталған.

Ал барлық мемлекеттік білім ошағының 86 пайызы интерактивті тақтамен қамтылған. Жалпы 2030 интерактивті тақта болса, оның 83 пайызы жұмыс істеп тұр.

«Мониторинг барысында 39 мектепте дабыл түймесі болмады. Нұсқаулық бойынша оқушы саны 300-ден жоғары болса, қондырылуы тиіс. Негізі облыста барлық мектепте бейнебақылау жүйесі орнатылған. Алайда 6 мектепте бейнебақылау камералары объектіге іргелес аумақтың периметрін көрсете алмайды. Олар Мұғалжар ауданындағы Бұлақ негізгі мектебі, Сабындыкөл бастауыш мектебі, Қайыңды орта мектебі, Ащысай негізгі мектебі, Алтынды орта мектебі, Темір ауданының Алтықарасу мектеп-балабақшасы. Талап бойынша бейнебақылау жазбаларын ақпараттық сақтау мерзімі 30 тәулік. Аймақтағы 44 мектепте бұл талап сақталмайды»,- деді Ақтөбе облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнара Сәрсенғалиева.

Департамент тамыз айының соңында тағы да мониторинг жүргізеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!