Тіл – қашанда ұлттың ұйтқысы. Сөзі өз тілінде шыққан халықтың егемендігі баянды, тұғыры қашан да биік. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күн санап арта түсуде. Жас ұрпақтың тілі ана тілінде шығып, қазақ тілінде білім алуына, басқа да тілдерді жетік меңгеруіне толық мүмкіндік те бар. Қазақ тілі – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, көркем тілдердің бірі. Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті.

Тіл әрбір азаматқа ана сүтімен беріліп қалыптасады. Ана сүтімен бойға енген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Ал, оған деген сүйіспеншілік пен құрмет бала кезден бас­талуы керек. Айналадағы адамдарға, өзінің өскен ортасына, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарастың бастауын да сол туған тілімізден аламыз. Тіл – халықтың рухани, мәдени байлығының даму құралы.

Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал, тіл тозбайтын, ең қымбат мұралардың бірі. Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» – деген. Кешегі ұлылардың сенімін ақтап, тіл бірлігін жалғастыруда барлық күш-жігер, жауапкершілік алдымен бүгінгі жастарымызға түсетіндігі айдан анық. Ал біз осынау абыройлы парызды қаншалықты атқарып жүрміз?

Өз тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей. Қазақстан – әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауы керек. Өзгенің емес, өз еліміздің тілін ұлықтап мәртебесін асырайық.»

Мөлдір Батырханқызы

Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған  сотының жетекші маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!