Еліміздегі ең үлкен мектепте қазір оқулық тапшы. Мұнда мемлекеттік тапсырыспен білім алатын 3700 оқушының 1415-інде әлі күнге дейін оқулық жиынтығы түгел емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбенің Батыс-2 шағын ауданында орналасқан жаңа мектеп биыл ғана қолданысқа берілді. Мұнда 3700 бала білім алады. Барлығы мемлекеттік тапсырыс аясында оқып жүр. Алайда арада айға жуық уақыт өткенімен оқулық мәселесі әлі шешілген жоқ.
«Немерем 5-сыныпқа барады. Алғашқы аптада оқулық болмады. Кейін 5 оқулық берді. Кеше ғана Жаратылыстану пәнінің кітабын әкелді. Әлі күнге дейін Қазақ тілі, Әдебиеті секілді пәндердің оқулығы жоқ. Телефоннан қарап оқуға да болады. Бірақ бұл өте ыңғайсыз. Зейін қоймайды, шала дайындалады сабаққа», деді ата-ана Закия Асанқызы.
Бұл жағдайдан Ақтөбе қалалық білім бөлімі хабардар.
«Биыл 183 мың бала орта мектепте оқып жүр. Оның 173 мыңы мемлекеттік мектепте. Қазіргі кезде мемлекеттік білім ордасында оқитын балалардың бәрінде оқулық бар. Сонымен бірге әдеби кітаптар да сатып алынды. Ал «Смарт білім» мектебіне келер болсақ, бұл жекеменшік. Қазіргі кезде балаларды түгел оқулықпен қамту сұрағы қарастырылып жатыр. Мұнда 3700 бала оқып жатыр. Оның ішінде 2200 балада оқулық бар. 1415 балада оқулық жиындығы толық емес. Қазір мектеп басшылығы нақты саны мен оқулық түрін анықтап, баспаханамен келіседі. Ай ішінде сұрақ шешіледі»,- деді Ақтөбе облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы Ляззат Ордабаева.
Айта кетейік, жеке мектеп оқушыларының бәрі мемлекеттік тапсырыс аясында білім алып жүр. Мемлекеттен бастауыш сыныптың әр оқушысына жылына 445 мың, 5-9 сынып оқушыларына 605 000, 10-11 сынып оқушыларына 721 000 теңге қарастырылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!