Қыркүйек айы – мектеп табалдырығын аттап, жаңа оқу жылына қадам басатын кезең. Әсіресе, алғаш мектепке баратын бүлдіршіндер үшін бұл сәт қуаныш пен мен таңданыс сыйлайтын уақыт екені сөзсіз. Биыл Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің 1-сыныбына қабылданатын кішкентай Асылай да толқыныс үстінде. Себебі, алда жаңа белес – оқу жылы.
Асылай Мұзарапша – отбасының тұңғышы. Сондықтан ата-анасы Нұржан мен Гүлсім үшін 1-қыркүйекке дайындық қызу жүруде. Баланы талапқа сай киіндіру, қажетті оқу құралын қамтамасыз ету, психологиялық қолдау жүргізу қаперге алынған. Асылай да мектепке баруды асыға күтіп, күн санап әлек.
– Отбасымызда үш қыз бар. Асылай – тұңғыш перзентіміз. Ата-ана ретінде жауапкершілікті сезініп, лайықты білім алуы үшін мектеп таңдауды бастадық. Ақылдасу нәтижесінде Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейіне оқуға беру туралы шешім шығардық. Себебі, бұл білім беру ұйымы үздіктер қатарында Бұдан бөлек, біз – жас отбасымыз. Баланың мектебі ата-ананың жұмысына жақын болғанын қалаймыз. Сондықтан, осы мектепке тоқталдық, – дейді әкесі Нұржан.
Асылай бұған дейін Ақсуат ауылдық округі, Наурыз саяжайында орналасқан «Сыр самалы» бөбекжай-бақшасына барған. Балабақша қабырғасында жүргенде қалалық, облыстық байқауларда бақ сынаған. Мысалы, дәстүрлі «Бал бала» жас өнерпаздар байқауының облыстық кезеңінде өнер көрсетіп, үшінші орынды иеленген. Бұдан бөлек, «Үркер» IQ орталығы, «Bilim Qazaqstan» республикалық білім орталығы ұйымдастырған баланың ойлау қабілетін, логикасын дамытып, шығармашылығын шыңдауға бағытталған бірқатар республикалық байқаудың жеңімпазы атанды. Балабақша тәрбиешілері мен ата-анасы бүлдіршіннің ән, биге икемі барын байқаған екен.
Айта кетерлігі, Асылайдың анасы Гүлсім Нұрланқызы мен әкесі Нұржан Музарапшин БАҚ саласында еңбек етіп, кейін шаңырақ көтерген. Анасы – журналист, әкесі – телеоператор. Қазақы болмысқа жақын отбасы баланың қазақ сыныбында оқуына ерекше мән берген екен.
– Қазақ сыныбына беру – өте өзекті тақырып. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі, үйде қазақша сөйлесеміз. Сәйкесінше, бала да қазақ тілінде білім алу керек. Бастауыш сыныпта алған білім фундаменті жоғары сыныптарға да азық болары анық. Сондықтан, ата-ана ең алдымен осы бастауыш сыныпта бар күшті салып, баланың біліміне, оқу үлгеріміне көңіл бөлу керек, – дейді анасы Гүлсім.
Ерсін ШАМШАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!