Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Мен таңдаған мамандық» байқауы ұйымдастырылды. Білім алушылар «Таныстыру», «Сұрақ-жауап», «Үй жұмысы» және «Тағамдар көрмесі» кезеңдері бойынша сынға түсті.

Байқау студенттердің «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығына деген қызығушылығын арттыру, саланың маңыздылығын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.

Сайысқа «I steak», «Milkshake»  және «Vanil Life» топтары қатысып, сынға түсті. Нәтижесінде ұмыт қалған ұлттық тағамдарды әзірлеуімен ерекшеленген «Milkshake» тобы жеңіске жетті.

«Сапалы тамақ – ел тұрғындары денсаулығының кепілі. Сондықтан тамақ өнеркәсібі технологы мамандығы әрдайым сұраныста. «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» білім беру бағдарламасының мақсаты – еңбек нарығының қазіргі заманғы талаптарына сәйкес инновациялық өнімдерге бағытталған, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау», – деді университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Бөрібаева.

Ауқымды шараға студенттер, қаладағы мектеп директорларының бейінді оқыту жөніндегі орынбасарлары, өндіріс өкілдері, жұмыс берушілер және мектеп оқушылары қатысты.

Бүгінде университетте 10 мыңнан астам білім алушы болса, оның ішінде «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығы бойынша 234 студент оқуда. Биыл осы мамандықты таңдағандар саны 100-ден асты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!