Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша «жасыл» аймақта тұр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Spunik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, әлем бойынша 220 елде 84 миллион адам инфекция жұқтырды, 1 миллион 840 мың адам қайтыс болды.
Ал Қазақстанда Covid-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 156 943 адамға жетті. Науқастардың 87%-і жазылды. Ал маусым-шілде айында бұл көрсеткіш 60%-тен асқан жоқ.
«Республика тәуекелі төмен «жасыл» аймақта тұр. Тәуекелі жоғары немесе «қызыл» аймақта Атырау облысы бар. «Сары» аймақта Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары тұр», – деді Алексей Цой эпидемиологиялық жағдай туралы баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, министр үшінші тоқсаннан бастап мектеп бітіретін сыныптардың аралас оқу форматында білім алатынын айтты.
«Оқу жылының басынан бері оқушылар арасында инфекция жұқтырғандар саны 3 972 балаға жетті, оның ішінде 1 047-сі кезекші сыныптарда оқыған», – деді министр.
Колледж және жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері де екінші семестрден бастап штаттық режимде оқиды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!