Сыр еліне жұмыс сапары барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аймақтағы білім беру ісінің жай-жапсарына қанығып, өңірдегі ЖОО-ның даму барысын бағамдады. Сала басшысы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдық мерейтойына арналған кездесулерге қатысып, ғылыми-педагогикалық тәжірибелермен танысты.

Алдымен министр облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге №5 оқу ғимаратында университеттің ғылыми-инновациялық базасын тамашаласа, кейін «Жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту: болашағы мен мүмкіндіктері», «Өңірлік университеттер – 2032: адами капитал және ғылым» атты форсайт-сессияларға қатысты. Білім беру ісін түрлендіру және саладағы инновациялық жобалар мен технологияларды ілгерілету мақсатында ұйымдастырылған басқосуда толымды пікірлер айтылды. Әсіресе, жоғары білім беру саласындағы мүмкіндіктерді арттыру мәселесі кеңінен талқыланғанын айта кеткен жөн.
Жиында қатысушылар алты топқа бөлініп, білім беру саласына қатысты негізгі мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Ал екінші форсайт-сессияда университеттерде жиі кездесетін мәселелер кеңінен қозғалды. Профессор-оқытушылардың шет тілін меңгеруі, гранттық жобаларға қаржы бөліну мәселесі, халықаралық қатынастарды кеңейту туралы оңтайлы ұсыныстар да сессияда назарға ілінді. Өз кезегінде министр жоғары оқу орындарында маман даярлау ерекшелігі туралы ой бөлісіп, жергілікті университеттерді қолдау мүмкіндіктерін талқылады.
– Бүгінгі жиында жоғары оқу орындарының ең өзекті мәселелері талқыланып, халықаралық ынтымақтастықты дамыту тұрғысында жаңа идеялар айтылды. Форсайт-сессияның ұйымдастырылуы әртүрлі университеттен жиылған профессор-оқытушылардың тәжірибе алмасуына үлкен мүмкіндік берді. Айта кету керек, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушыларымен бірлесіп, 7 жылдан бері ғылыми зерттеулермен айналысып келемін, – деді Кажы Байрам Вели универси­теті­нің профессоры Хулия Касапоглу.

Министрдің келесі бағыты жас ғалымдар мен ғылыми зерттеуге арналды. Қонақтар «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханаға бас сұғып, жас ғалымдармен пікірлесті. Мұнда ауыл шаруашылығы үшін маңызды зерттеулер жасалып, аймақтың экономикалық өркендеуіне септесетін жобалар жүзеге асуда. Мәселен, зертханада күріш сабанынан қағаз әзірлеу және биотыңайтқыш алу, мұнай қалдықтарын тиімді пайдалану мақсатында ізденіс байқалады. Сала басшысы ғалымдармен әңгіме барысында білім-ғылымдағы жастарға қолдау күшейетінін айтып, бірнеше бастаманы тілге тиек етті.
– Біздің жас ғалымдар ел үшін өте қажет әзірлемелерді дайындауда. Олардың жұмысының тиімділігі мемлекеттің тұрақты даму ресурсы ғана емес, сонымен бірге адамзаттың өмір сүру мәселесі болып табылады. Менің ойымша, мұны коронавирус инфекциясына қарсы бүкіләлемдік «вакцина жарысы» айқын көрсетті. Оның әзірленуіне жас ғалымдар да қатысты. Жас ғалымдарымыз күрделі сынықтарды қалпына келтіруді жеделдететін бірегей гидрогельді, қант диабетін емдеуге арналған жасушалардың бірегей желісін әзірледі. Жан-жақты қолдау мен барлық қабылданған шаралардың арқасында жас ғалымдардың үлесі 2025 жылға қарай кемінде 50%-ға жететініне сенімдімін, – деді министр.
Министр оқытушы, студенттермен ғана емес, халықпен де кездесу ұйымдастырды. Қазақстандағы білім беру үрдісі, қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы, ғылыми жетістік турасында ой-пікір айтылды. Әсіресе, университет потенциалының экономикалық әлеуетке әсері төңірегіндегі ұстаным көпшілік көңілінен шыққанын айта кеткен жөн.
– Күшті университет – жергілікті экономика мен индустрияның дамуын қалыптастыратын мықты кадрлар ұстаханасы. Осы ретте жоғары білім мен ғылымды дамыту жолында көптеген бағдарлама қолға алынды. Бірінші бағыт – кадрларды даярлау жүйесін жергілікті қажеттіліктермен сәйкестендіру екенін атап өткім келеді. Мұнда оны іске асырудың нақты құралы – Мамандықтардың өңірлік атластарын әзірлеу. Екінші басым бағыт – университет ғылымын дамыту. Студенттерімізді жан-жақты әлеуметтік қолдау мақсатында гранттар санын көбейту, сараланған грантты енгізу, жеңілдетілген білім беру кредиттері, стипендияларды ұлғайту, жатақханалармен қамтамасыз ету шараларын жүзеге асырамыз, – деді министр.
Сала басшысының келесі бағыты университет жанындағы «Open spaсе» заманауи үлгідегі кітапханасы мен кәсіпкерлік орталығында жалғасты. Мұнда университеттің ғылыми кітапхана мүмкіндігі сараланып, цифрландыру жүйесі таныстырылды. Сондай-ақ жастар ұйымдары көшбасшылары және білім, ғылым, өнер, спорт саласындағы жеңімпаз жастар министрмен пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Оқу орнының айтулы жаңалығы халықаралық деңгейде басталды. Жуырда Мемлекет басшысының Францияға сапары аясында еліміздің 12 жоғары оқу орны келісім-шартқа қол қойған болатын. Оның ішінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті де бар. Алдағы уақытта ең заманауи агротехникалық селекция және генетика лабораториясымен бірлесе отырып, университетте ғылыми орталық ашу жоспарланған. Министр ғасырға жуық тарихы бар білім ордасының алдағы үлкен демографиялық және миграциялық толқынға дайын болуы керегін айтты.
– Елі­мізде, оның ішінде өңірде халық саны күрт өсуде. Қазақстанда кейінгі үш жылда 1,5 миллионға жуық бала дүниеге келді. Мұндай тарихи рекорд 1987 жылы болған. Ол кезде 447 мың бала дүниеге келген екен. Бұл – қуантатын нәрсе. Бірақ білім саласына үлкен ауыртпалық түседі. Қазіргі таңда 620 мыңға жуық студентіміз болса, алдағы жеті жылда олардың саны 1 миллионға жуықтайды. Осыған біз дайын болуымыз керек. Оның үстіне миграциялық толқын келе жатыр. Университет өзінің инфрақұрылымымен қатар, цифрлық технологияны дамытуы керек. Тек жаңа корпус салып, инфра­құрылымды кеңейту жеткіліксіз. Сондықтан министрлік тарапынан цифрлық университет моделі пысықталуда. Алдағы жылы Қорқыт ата атындағы университетте Сеул технологиялық университетінің филиалы ашылады, – деді Саясат Нұрбек.
Кездесу барысында тек оң шешімдер мен жетістіктер емес, сыни пікірлер мен олқылықтар да сөз болды. Мәселен, министр ғылыми зерттеу моделінің кемшін түскенін айта келе, мемлекеттік дәрежеде шешім қабылдану қажетін жеткізді. Сала басшысының сөзінше, Қазақстандағы университеттердің 90 проценті педагогикалық білім берумен шектеледі екен. Зерттеу жұмысы, докторантура бағдарламалары өте аз. Сондықтан келер жылдан бастап магистратура, phd докторантура бойынша грант құны өседі. Сондай-ақ, магистратура саны 1,5 есе көбейтіледі. Жастардың магистратура мен докторантурада қалып, ғылыммен айналысуына мүмкіндік берілмек. Биылдан бастап жыл сайын мың жас ғалымға үш жылдық гранттар беру жоспарланған.
– Жаңа реформалар аясында жоғары оқу орындарының басқарушылық, білім беру мен ғылыми қызметінің барлық құрылымдық және мазмұндық құрамын қайта жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылды. Ауқымды өзгерістер университеттің өз қызметінің нәтижелері үшін әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, мамандар даярлау сапасын көтеруге, жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталды. Көпбейінді жетекші жоғары оқу орнының дәстүрлі қызметі өңірдің экономикасы үшін ғана емес, ел экономикасы үшін де білікті кадрлар даярлау болғандықтан, 2025 жыл деңгейіндегі стратегиямызды бекіттік, – деді Бейбіткүл Кәрімова.
Қазіргі таңда жоғары оқу орны ғылыми зерттеулермен белсенді айналысуды үдеткен. Білім беру технологияларын жетілдіру, жаңа идеяларды қолдау, кадр даярлауда тың әдіске ұмтылу алға сүйреуде. 5 институт базасында 115 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Қызылорда облысының білім беру саласын жаңа формациядағы кадрлармен қамтамасыз ету үшін педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші, педагог-шебер біліктілік санаттары бар педагог кадрлардың үлесі артуда.
Қуанарлығы, өңір экономикасы салаларындағы мамандардың 80 проценті – университет түлектері. Бүгінге дейін университет қабырғасынан 70 мыңдай кәсіби маман түлеп ұшса, 5 жылда 7036 бакалавр, 1034 магистр бітірген.
Министрдің бұл жолғы сапары Сыр өңіріндегі білім беру ісінің қарқыны мен алдағы жоспарын айшықтағаны анық. Бүгінге дейін жеткен жетістікті қайта саралауға мүмкіндік туса, пікір алмасу нәтижесінде болашаққа жоспар түзілгені аян. Сондықтан министр сапары жаңалықтар бастауына айналады деген сенім мол.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!