Ұстаздың мерейін өсіріп, мәртебесін үстем ететін басты нәрсе – шәкіртке берген білімінің нәтижесі. Иә, қоғамда ұстаз атына лайықты білімнің шырағын жағып, шәкірт санасына сәуле шашқан жандар жетерлік. Таяуда ғана республикалық деңгейде Оқу–ағарту министрлігінің «Үздік педагог» атағын иеленген жерлесіміз Әсел Пірмағанбетова осы қатарда. Ол аймақтағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі – С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп–лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен бала оқытып, шәкірт тәрбиелеп келеді.
Мамандығына жауапкершілікпен қарап, әрбір ісін тиянақты атқарып жүрген Әсел өңірдегі білім беру саласында өз орнын айшықтап үлгерді. 15 жылға жуық уақыт тәжірибесі бар оның шәкірттерінің алды өмірден өз орнын тапқан. Ал жас болса да бірқатар биікті еңсеріп үлгерген ұстаз жетістікке жеттім деп тоқтап қалған емес. Қай уақытта да мақсаты мен мұратын биіктете түсіп, алға қадам басып жүр.
«Бұл байқаудың жеңімпазы атану – еткен еңбек, төккен тердің нәтижесі және мектеп ұжымы мен шәкірттеріммен бірге жеткен ортақ жеңісі. Жинақтаған тәжірибемді қолдана отырып, соңғы бес жылда үздіксіз ізденісте жұмыс істедім. Кәсіби байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Сондай-ақ шәкірттерімді түрлі сайыстарға қатыстырып, нәтижесінде жүлделі орындарға ие болдық. Иә, әрине, қандай жеңіс болса да, қолға оңай тимейді. «Ұстаз – ұстаз емес, өз шәкiртi үшiн күймесе, шәкiрт – шәкiрт емес, өз ұстазын сүймесе» деп жазушы Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, оқушысы үшін алаңдаған мұғалімнің абыройы асқақ, жетістігі жарқын болары хақ. Қазіргі таңда нағыз ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеу керек. Өз ісін адал атқара отырып, жан-жақты болуы қажет. Осы үдеден шыққанда ғана жай мұғалім емес, нағыз ұстаз деуге болады», – дейді білікті маман.
Сыр еліндегі білім саласының құрметті ардагері Марк Захарович «Әрбір шәкірт өсімдік тәрізді, жерге сепкен дәннің барлығы бір уақытта шықпайды, әрбірінің гүлдейтін өз уақыты бар» деген еді. Иә, ұстаз алдындағы ондаған, жүздеген, тіпті мыңдаған шәкірттің жан дүниесіне үңіліп, жүрегіне жол таба білу керек. Әсел Шаймағанбетқызы бұл ретте өзінің ұстанымы мен өзіндік көзқарасы арқылы шәкірттің қанатын қатайтып, шыңға бағыттап келеді.
«Шәкірт – мен үшін өзіндік ойы, көзқарасы, пікірі қалыптасқан, еліміздің ертеңі болатын тұлға. Ұстаздық – білім мен қабілеттің, ар мен таланттың түйсікен тұсынан туатын құдыреті күшті мамандық. Ұстаз болуға деген талпыныс маған да жас күнімде өз ұстазымның игі мінезіне, адами болмысына, даналығы мен даралығына деген құрметімнен туды. Қазір қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде рухы күшті тілімнің қадір-қасиетімен, әдебиетіміздің мәйегімен шәкірттерімді сусындатудамын. Әрине, асқан зор жауапкершілікті қажет ететін мамандық. Мен үшін «Үздік педагог» атағына қол жеткізгеннен бөлек, оны алып жүру – үлкен мәртебе, зор жауапкершілік. Бұл жеңіс алдағы уақытта әлі де шыңдалуға, ізденуге, шәкірттерімді алға жетелеуге, тынбай еңбек етуге серпіліс берді. Мен мамандығымды сүйіп, осы жолда өзімнің бар қажыр-қайратымды жұмсаймын», – дейді шәкірт жанашыры.
Әселдің бұған дейін де жеткен жетістіктері бір атанға жүк болардай. Ол 2019 жылы Қызылорда облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал 2020 жылы ізденімпаз ұстазға облыстық білім басқармасының Алғыс хаты табысталды. Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен, Қызылорда қаласы әкімінің алғыс хатымен және қаржылай сыяпат – 150 000 теңге сертификатымен марапатталды. Сонымен қатар тәуелсіз еліміздің кемел тұлғасын қалыптастыруда жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде және білім саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін Құрмет грамотасының иегері. Иә, осындай мықты ұстаздар білім сапасының артуына барынша тер төгіп, еңбектеніп келеді. Әсел Шаймағанбетқызы ұстаздық ететін С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейінде өз ісінің хас шеберлері жұмыс істейді. Таудай биік талаптың тұлпарын мінген қазақтың дарынды жастарын тәрбиелеп, топқа қосуда әрбірінің қосып жүрген қомақты үлесі бар.
«Әсел – республикалық «Үздік педагог» байқауынан жеңімпаз атанған төртінші ұстаз. Оның кәсіби біліктілігі жоғары, шығармашылық тұрғыда жұмыс жасауы, педагогикалық ұжымдағы креативті ойлаудың жарқын көрінісі екені даусыз. Білім ордасы ұстаздары қалалық, облыстық, республикалық байқаулар, әкім гранттары иегері қатарынан көрінумен бірге «миллион» ұтып алған көшбасшы ұстаздарымен де ерекшеленуі – қазіргі уақыт көшінен қалмайтынын, өскелең ұрпақты сапалы білім, өнегелі тәрбие беруде мемлекетіміздің білім саласындағы стратегиялық бағыты үлкен жауапкершілікті байқатады», – дейді мектеп директоры Ләззат Әбенова.
Мамандыққа деген адалдық – асыл қасиеттердің бірі. Мұғалім болуды шын жүрекпен қалап, мамандыққа деген махаббатыңды оятқанда ғана әрбір ісің тиянақты, нық, жемісті болатынын айтады «Үздік педагог».
«Менің ойымша халықтың мамандық таңдауы – өз еркінде. Дегенмен, бұл мамандыққа бағыттамас бұрын бірінші әлеуметтік жағдайды басты орынға қоймай, баланың икемділігіне, ерекшелігіне баса назар аударса екен деймін. «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» демекші, жас жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбиемен сусындататын жауапты мамандыққа бей-жәй қарап, келе салу жауапсыздық деп ойлаймын. Өйткені бір ұстаздың артында жүздеген, мыңдаған шәкірт тұр. Бір ұстаз сонша баланың қалыптасуына, білім алуына, еліне, жеріне, Отанына адал қызмет етуіне себепші болады. Сондықтан мұғалім мамандығын таңдар жас алдымен осынша жауапкершілікті ойлау керек. Ал сенімді болса, онда талай шыңды еңсерер мықты болатыны анық», – дейді ол мамандық жайлы әңгімесінде.
Нағыз ұстаз балаға білім беруді ғана емес, оның толыққанды тұлға болып қалыптасуын назарға алады. Өйткені алдындағы шәкірті өзінің баласындай. Сол үдеден шығу үшін бойдағы бар қажыр-қайратты жұмсап, жүрек түбіндегі мейірім мен махаббатты төгеді. Иә, ұстаз алдында адамзат баласының қарызы да, парызы да зор екені даусыз. Себебі «Мұғалім – мектептің жүрегі».
Дәулет Қырдан
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!