Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген атқа қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр.  Олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуге тиіс. «Жақсы адам – Алланың нұры» дейді. Бүгінгі біздің кейіпкер – жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімділік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, мейірім шуағын төгіп тұратын ұстаз  – жоғары санатты педагог-зерттеуші, бастауыш сынып мұғалімі Торғаева Салтанат Ыдырысқызы.

– Салтанат Ыдырысқызы, сұх­ба­­ты­мыз­ды сіздің туған жер, өскен өңі­рі­ңізден, aта-анаңыздан бастасақ…

– Мен №139 Амангелді орта мекте­бінің 8 сыныбын ерекше куәлікпен аяқ­тап, Қызылорда қаласы, М.Мәметова атындағы педагогикалық училищесіне оқуға түстім. 1991 жылы оқуымды ойда­ғыдай бітіріп, өз ауылымдағы мектепке жұмысқа орналастым. Атам Әлайдар Ыс­қақов өз өмірін білім саласына арна­ған ұстаз болды. Атамның «өз на­ның­ды адалдап же»  деген сөзі ұжымдас­тарының жадында әлі сақталып келеді. Сол кісінің салған сара жолымен әкем Ыдырыс Торғаевта 40 жылдан аса ұстаздық қызмет етті. 25 жылдан аса мектеп директоры қызметінде болды. Ата-анам бірге  жұмыс істеген әріптес­тер еді. Туған әпкелерім Найла мен Ләз­зат та – ұлағатты ұстаздар. Анам Күлди Торғаева үй шаруасында, бала тәр­биесімен айналысты. Бүгінгі күні 80 жасқа келіп отыр.

– Жұбайыңыз бен балаларыңыз жайлы, келін болып түскен отбасы­ңыз жайлы әңгімелеп берсеңіз.

–  Жұбайым Сағатпен 1993 жылы бас қосып, дүниеге дүниеге 3 ұл, 1 қыз әкелдім. Қазіргі таңда жолдасым Сағат  «TURAN group security» компаниясында вахталық әдіспен жұмыс істейді.Екеу­міздің де әкеміз ұстаздық қызмет жаса­ған. Енем Үрләйім Ерменова да көп жылдар мектеп аспазшысы болған. Екі отбасым да көпке үлгі бола білген асыл жандар. Тұңғыш ұлым  –  Ер­кебұлан электрик қызметінде. Спорт­ты жанына жақын тұтқан кейінгі ұлым – Ализат гір тасын көтерумен айналы­са­ды.  Ал, кіші ұлым Ринат пен қызым Ай­зере мектеп қабырғасында. Екеуі де оқу үздігі. Айзере «Нұрай» би үйірмесіне қатысып, Шымкент, Алматыда ұйымдастырылған конкурстарда жүл­делі орындарға ие болды. Бала тәрбие­сіне келгенде жолдасыммен «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөзді ұстаным етіп, балала­рымызға ұядағы жылулықты, ата-ана­ның махаббатын сіңіріп келеміз.

– Бос уақытыңызды немен өткізе­сіз? Ұнататын ісіңіз не хоббиіңіз қан­дай?

– Қолым бос кезде өлең шығар­ғанды ұнатамын. Кей кезде мүшайраларға қатысатыным бар. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, осы өскелең ұрпаққа пайдасы тисін, ізденіс жолында жүрген әрбір жан өз керегін алсын деген ниетпен бірнеше әдістемелік құралдарым жарық көрді.

Адина ЖОМАРТҚЫЗЫ,

ҚМУ-ДЫҢ IV КУРС СТУДЕНТІ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!