Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде аяқталып келе жатқан оқу жылының алғашқы қорытындыларын таныстырды, деп хабарлайды QAZBILIM ақпараттық агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Брифинг барысында министрдің орынбасары соңғы қоңырау шаралары қалай ұйымдастырылатынын айтты.

«Соңғы қоңырау өткізілген жағдайда Оқу-ағарту министрлігі бұл іс-шараны 1 маусым — балаларды қорғау күніне орайластырып, соның форматында өткізуді ұсынды. Тағы бір айта кететін жайт, 9-11 сынып түлектері бітіру емтихандарын тапсырады. Тоғызыншы сынып бітірушілер қорытынды мектеп емтихандарын 2-13 маусым аралығында өткізеді. Ал 11 сынып түлектері мемлекеттік емтиханды 5-19 маусым арасында тапсырады. Аттестат тапсыру салтанаты өткізіледі. Бұл шараларды 20,21,22 маусым күндері өткізуді ұсынып отырмыз», — деді ол.

Шолпан Каринова соңғы қоңырауға деп ақша жинау заңсыз екенін еске салды.

«Мектептерде салтанатты шараларды өткізген кезде педагогикалық этиканы сақтау және сыбайлас құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ата-аналардан іс-шараны өткізуге, не болмаса аниматорларды, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді жалдау үшін және педагогтар мен мектеп әкімшілігіне сыйлық жасау бойынша қаражат жинауға тыйым салынатынын қатаң түрде жеткіземіз», – деп ескертті Шолпан Каринова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!