Фото: alashaqparat.kz

Оқу-ағарту министрлігі «Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» бұйрыққа толықтырулар әзірледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Құжатқа сәйкес педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларының 58 тармағы келесі мазмұндағы 26 және 27 абзацтармен толықтырылмақ.

Енді білім беру ұйымы (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта) басшысының (директорының) тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары орта білім беру ұйымдарында діни экстремизмнің алдын алуды жүзеге асырып, білім алушылар, тәрбиеленушілер, педагогтар және басқа да қызметкерлерге рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіреді.

Барлық мамандықтың пән мұғалімдерінің лауазымдық міндеттері келесі тармақпен толықтырылады: орта білім беру ұйымдарында діни экстремизмнің алдын алуды жүзеге асыру, білім алушыларға және тәрбиеленушілерге рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру.

Егер бұл толықтыру қабылданатын болса, онда ұстаздар Конституция, «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдар мен білім беруді дамытудың бағыттары мен перспективаларын айқындайтын өзге де нормативтік құқықтық актілерден бөлек, «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңды білуге тиіс.

Бұйрық жобасы «Кәмелетке толмағандар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жол картасының» 1-тармағын діни экстремизмнің алдын алу жөніндегі міндеттерді беру бөлігінде мәселелерді пысықтауды, рухани-адамгершілік құндылықтарды, толеранттылықты, сондай-ақ экстремизмнің алдын алу бойынша педагогикалық қызметтің түрін ұйымдастыруды іске асыруға бағытталған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!