– Бүгінде білім саласындағы реформалар көбіне дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп жасалады.  Бұл тәжірибе қаншалықты оң нәтижесін беріп жатыр деп ойлайсыз?

– Қазақстандағы білім беру реформаларының жаңа жүйесі әлеуметтік-эконимикалық ортаға бейімдеуді көздейді. Бүгінгі таңда білім саласындағы қандайда бір дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене жасалуы, мемлекетіміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу үшін қолға алынған игі іс деп санауға болады. Сонымен қатар осы мақсатқа жету үшін біршама өзгерістер қажет екенін ескеру керек. Өйткені білім – ұлт дамуының басты кепілі. Әлемнің жылдам дамуына қарай білім саласы да  қарқынды дамуды қажет етеді. Жаңа реформалар тұрақты дамудың және сауатты жас ұрпақты сауатты елге айналдыруда  оң нәтиже беретініне кәміл сенімдімін.

– Оқушылар тәрбиесінде сізді қандай мәселе алаңдатады?

– Жалпы орта мектепте бала тұлға­сының қалып­та­суы­на ықпал ете­тін не­гіз­гі әлеу­меттік  эконо­микалық және мәдени  тұрмыстық ахуалы. Осыған байланысты орта мектеп мұғалімінің негізгі мақсаты тек білім беріп қана қоймай, оны баланың жеке тұлғасын  қалыптастыру. Оқушыларды жан-жақты тәрбиелеу үшін оларды зерттеу  қажет.  Денсаулығын, отбасындағы тұрмыс жағдайын, ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын, темпераментін, қабі­ле­­тін білуіміз керек. Оқу­шылар­ды жақ­сы ортада өсіп, білім алуы­на мектептің материал­дық база­сын  да сай болуы тиіс.

– Білім алушылардың шығармашылығын шыңдауда мектептің қандай жаңалығы бар?

– Оқушылардың  шығармашылық қабілетін дамыту бүгінгінің көкейкесті мәселесі деп айтсақ болады. Шығармашылық – бүкіл тіршілік көзі. Мектебіміз 2021-2022 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадалар, ғылыми жобаларға қатысып, биік белеске жетуде. Соған сай облыстық білім басқармасының «Ең үздік қала мектебі – 2022» номинациясын иелендік.  «Жасыл кеңсе» республикалық байқауында «Үздік мектеп» номинациясының иегері атандық. Сондай-ақ мектебіміз республиканың «100 үздік мектеп» қатарына енді. Абай желілік мектептері бойынша оқушыларымыз жақсы жетістіктерге жетуде.

– Шыны керек, қазір мектептерде білікті  психологтар жеткіліксіз. 4 мыңнан аса оқушыға білім беретін мекенде бұл мәселе шешімін тапқан ба?

– Мектеп психологиясының негізгі мақсаты – ата-анамен, мұғалімдермен және оқушылармен балалардың қажеттілігін қанағаттандыратын салауатты білім беру ортасын дамытуға көмектесу. Алайда, өзіңіз айтып отырғандай  мектебімізде 4 мыңға жуық бала бар. Бұл нені меңзейді? Әрине, бір немесе 2 психологтың аздық ететінін көрсетеді. Мектеп психологы әр баламен жеке түзету-дамытушылық жұмысын жүргізеді. Ал оқушы саны мен нормативтік талаптарды ескеретін болсақ, мектепке 3 психолог аздық ететіні айдан анық. Бірақ мектеп психологтарының жұмысы үздіксіз жүргізіліп жатыр.

– Ұжымда қанша ер мұғалім бар? Ер мұғалімнің аздығы бала тәрбиесіне әсер етпей ме?

– Қазіргі таңда 63 ер мұғалім бар. Ер мұғалімдердің аздығынан ұрпақ тәрбиесінде ұтылатынымыз жасырын емес. Әсіресе, ұлдарды тәрбиелеуде ер мұғалімдердің орны бөлек. Бұл ретте мектептегі әйел мұғалімдердің еңбегін, тәрбиесін жоққа шығарудан аулақпын. Десек те, әйел қанша мықты болғанымен ер адамның тәрбиесін алмастыра алмайтынын мойындауымыз қажет. Себебі ұл бала үшін әкенің орны қандай болса, ер мұғалімдердің де маңызы сондай. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тәмсілге сүйенген қазақ ұл баланың әкеге, қыз баланың анаға қарап бой түзегенін құп көреді.Бүгінде педагогикалық оқу орындарына құжат тапсыратын талапкерлердің басым көпшілігі – қыздар. Ата-аналар көбінде ұстаздықты қыз балаға тән мамандық деп қабылдайды. Тіпті, бүкіл қоғамның түсінігі осылай болып бара жатқан секілді. Бірақ мұғалім болу – тек әйелдің ісі емес­­.

Сұхбаттасқан

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!