Еліміздің ертеңі – білімнің тереңдігімен өлшенеді. Оқушылардың жан-жақты білімін, сабаққа қызығушылығын, шығармашылық ізденімпаздығын қамтамасыз ету үшін жаңа технология әдістерін пайдалану керек. Бұл әдістер оқушылардың сабаққа ынтасын оятып, ойлау, сөйлеу қабілетін дамытуға және «үндемейтін» «енжар» оқушыны «сөйлетуге» болады. Сабақта технологиялық құралдарды пайдаланғанда уақыт үнемделіп, сабақтың сапасы мен оқушының сабаққа деген қызығушылығын арттырады.
Бүгінгі күні әлемдік ең озық білім кеңістігінің деңгейіне көтерілудің тиімді жолы – білім беру саласын толықтай ақпараттандыру. Оқушы білімін толық жетілдіріп, ойы ұшқыр азаматтарды тәрбиелеп жеткіземіз десек, олардың санасына жаңа технологиялық ақпарат құралдарына негізделген білімді сіңіруіміз қажет.
Ғылым мен білімге ерекше мән беріліп отырған бүгінгі таңда ұстаз алдына үлкен міндет, ауыр жүк тұр. Балалар – біздің болашағымыз. Ал олардың жан-жақты білімді, дамыған саналы азамат болып өсуі біздерге, яғни ұстаздарға байланысты.
Мұғалімнің басты міндеті – білім бере отырып, тұлғаны дамыту, білім берудің жаңа технологияларын тиімді қолдана білу. Күнделікті сабақта осы міндет негізгі басшылыққа алынады. Жаңа технологияның жаңа жетістіктерін қорықпай пайдалану керек. Соның бірі – интерактивті тақталармен жұмыс істеу. Бұл тақтамен сабақ берудің артықшылығы оқушының өз бетінше жұмыс жасауына мүмкіндік мол, сабаққа қызығушылығын арттыруға болады.
Интерактивті тақтаның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оқушылардың «қиын пән, түсінбеймін» деген қорқынышын жоюға, орташа оқитын оқушылардың өзі жауап беруге тартылады, жаңа білім алуға деген қызығушылығы артып, химияның өмірге қажеттілігін түсіне алады. Қосымша материалдарды іздеп, электрондық оқулықтарды, интерактивті тақтаны, интернетті пайдалану арқылы оқушы танымын кеңейтіп, дүниеге ғылыми – материалистік көзқарастарын тереңдету мақсатымен өткізілген сабақ үлкен нәтижеге қол жеткізеді.
Әр сабақтың тартымды өтуіне түрлі технологиялық әдіс-тәсілдерді қолданатынымыз белгілі. Жан-жақты ізденуімізден түрлендірген сабақ жасалып, ұстаздың шығармашыл қасиетін өсіретіні де айқын. Сондай-ақ, ойын, конференция, ұжымдық жиын, саяхат сабағы өзінше бір қасиетке ие.
Сабақ үстінде оқушының өзін еркін ұстауы, ойын жеткізуі, өз бетімен ізденуі, қосымша материалдарды кеңірек пайдалануы көзделеді. Мұның барлығын жай ғана сабақта ашып, толық мазмұнда әсерлеп өткізуге болады, бірақ мұғалім мұнда оқушыларды толық қамти алмайды. Егер тақырыпқа орай мәнді ойын элементтері жиі қолданылса, оқушылардың пәнге қызығуы артады.
Көбінесе біздер ойын элементтері дегенде атүсті, жеңіл қарай саламыз. Бірақ ойын элементтері – өте күрделі педагогикалық әдіс-тәсілдердің бірі. Мысалы, «Су таңғажайып зат» тақырыбында, 8-9 сыныптарда «Химиялық эстафета», рөлдік ойындарды, ИБО әдістерін қолдануға болады. Қандай тақырып, сынып болса да мұғалімнің шеберлікпен жүргізген әрбір сабағы оқушы үшін білімнің көзі болуы керек. Үнемі ізденіп, жаңашылдықпен жұмыс істесе, жас ұрпақ озық ойлы, алдыңғы қатарлы, жан-жақты сауатты азамат болады. Оқушы қоршаған ортадағының бәрін ойын әрекеті арқылы қабылдайды, одан керегін іріктеп алады. Сондықтан мұғалім әр сабағында ойын түрлерін орнымен қолданып, оны қызықты ету арқылы олардың білімге ынта-ықыласын, пәнге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды мақсат етеді.
Білім берудің тиімді әдістерінің бірі – электронды оқулық екенін мойындаймыз. Себебі, әр оқушының индивидуалды жұмыс жасауына, іс жүзінде көре алмайтын тәжірибе жұмысын компьютер арқылы орындай да алатыны қуантады. Заман талабына сай технологияларды шәкірттеріміздің тиімді пайдалана алуы болашақтың өркендеуін білдіреді.
Бұл әдістер арқылы оқушының жан-жақты білім дағдылары қалыптасып, тапсырмалар өз беттерінше орындалды. Мұнда мұғалім-бағыттаушы, оқушы- ізденуші рөлі атқарылып, түрлі ойындар, сөзжұмбақтар шешу арқылы оқушының таным қабілеті артады. Сондықтан жаңа педагогикалық технологиялар оқушының пәнге деген қызығуын арттырып, ой-өрісін кеңейтуге көп көмек тигізері сөзсіз.
Біз сабақта қай технологияны қолдансақ та, оқушылардың өз беттерінше жұмыс жасап, өзін-өзі оқуына ықпал жасауымыз керек. Білімді, саналы, өзіндік ой-пікірі қалыптасқан жеке тұлғаны дайындау мұғалімнің басты парызы. Әр түрлі әдіс-тәсілдерді жүзеге асыру үшін мұғалімнің көп еңбектенуі қажет.
Қорыта айтқанда, химия сабақтарының жалпы мақсаты химиялық теорияларды мемлекеттік стандарт бойынша жасалған бағдарламаны игерту, онда көрсетілген іскерлік пен дағдыны қалыптастыру немесе игерту. Мұндай дағдылар қатарына химиялық сынақ – тәжірибелер, сарамандық мазмұндағы есептерді шығару, әр алуан бақылаулар мен өлшеушілерді орындау, түрлі зертханалық және сарамандық жұмыстарды орындау шеберлігі, құбылыстарды бір-бірінен ажырата білу жатады. Ал, сабақты түрлендіріп, қазіргі заманның талабына сай өткізу мұғалімнің шеберлігіне байланысты.
Тулекова Айшолпан Ержанқызы
212 мектеп-гимназиясының химия пәні мұғалімі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!