Фото: jsk.kz

Бүгінде ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы адам өмірінің әр түрлі саласына өзгерістер енгізіп жатыр. Соған сай білім беру саласы да өзгерістерді дұрыс қабылдап, оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты игерген жөн. Сонда ғана білікті ұстаз да, дарынды, талантты шәкірттер де көп болары сөзсіз.

Қоғамға жаңашыл адам керек. Мұндай тұлғаны қалыптастыру – білім беру жүйесінің алдында тұрған басты міндет. Жастарды қоғам өмірінің барлық саласында да, соның ішінде білім алуда да тек деректер жинап, жалпы хабардар болуымен шектелмей, терең білімді, ізденімпаз, барлық әрекетінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлғаны тәрбиелеу – уақыт талабынан туындап отырған жайт.

Білім берудегі негізгі мақсат – тек білімді, дарынды, кәсіби мамандандырылған адам дайындау ғана емес, рухани дүниесі бай және адамгершілігі зор, қоғамдық өмірдің барлық аясында ұлттық құндылықтарды бағалауға және дамытуға қабілетті тұлғаны қалыптастыру. Жаңа заман талабына сай жеке тұлғаны қалыптастыру білім беру мен тәрбие үдерісінде жүзеге асырылатындықтан, білім мазмұнын таңдауда әр баланың жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеру мәселесі тереңірек, әрі нақтырақ қарастырылады.

Ғұлама ғалым М.Әуезовтің: «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» – деген өте терең мәнді нақылы бар. Ол еліңнің ертеңі жас ұрпағыңды жақсылап өсір дегені. Осы ретте, баланың өмірден өз орнын табуы үшін оның қабілетін ерте кезден дамыту тікелей ұстазға байланысты.

Кеңейтілген тапсырмаларды қолдану арқылы біз тек оқушы бойындағы дарын мен талантты дамытып қоймай, сонымен қатар тұйық оқушы бойындағы талантты анықтауға мүмкіндік аламыз.

Үйренгеніміз де, үйренеріміз де көп. Үнді халқының тарихи тұлғасы Махатма Гандидің «Егер сен болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, сол өзгерісті уақытында жаса» деген ілімін негізге ала отырып, оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, оқушыларды болашаққа жетелеп, нәтижелі білімнің жемісін күтеміз.

Шәкірттің бойындағы табиғи мүмкіндіктерді ашып, әр баланың өзін сезіне білуіне, ішкі табиғатын ашуға көмектесу, өзін шығарашылықпен ұштастыруға бағыт беру тікелей мұғалімге байланысты. Әдебиет сабағында оқушының сөйлеудегі және жазудағы тіл мәдениеті дамып, өзіндік ой-пікірін дәйекті, жүйелі айта білуі, ұтымды, шешен сөйлеуі қалыптасады. Бұл пәннің баланың бойындағы дарынды аша білудегі мүмкіндігі жоғары. Ал, дарынды оқушыны жан-жақты қабілетті, терең білімді, зерек те еңбекқор,өз ісін сүйетін, талантты да шебер ұстаз ғана тәрбиелей алады. Дарынды мұғалім дарынды баланы бірден таниды.

Сөз соңында, кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болмақшы, яғни ұстаз білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шыкпақшы.Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін ұстаз» – деп айтқан болатын. XXI ғасыр – ғылым ғасыры.

Мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Сондықтан ұстаздар әр бала қабілетін жоғары төмендігіне қарамастан өзінше тұлға, табиғаттың таңғажайып құбылысы және әр баланың күнделікті өмір тіршілігі өзінше бір тағдыр екенін ескеруі қажет. Тағдырларына жауапкершілікпен қарап, өмірден өз орнын табуына өз ықпалын тигізгені дұрыс. Заманымыздың талабына сай білім сапасы жоғары оқушылардың құзырлығын дамыту арқылы үлкен нәтижеге жетіп, жемісін көре аламыз.

Гаухар СЫРЫМБАЕВА,
Т.Рысқұлов атындағы №222 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!