Егемендік алғалы 30 жылдан асса да, мектептердегі оқушы дәптерінің мұқабасы көңіл көншітпейді. Аты-жөнді толтыруға арналған дайын үлгі әлі күнге орыс тілінде. Осы орайда бұл дәптерлерге қай министрліктің жауапты екені белгілі болды, деп хабарлайды Экспресс К

Экспресс К тілшілері бұған дейін оқушы дәптерінің мұқабасы неліктен қазақшаланбай жүргені жайлы материал жазды. Онда Оқу-ағарту министрлігіндегілер «бұл дәптердің оқу құралына жатпайтынын, полиграфиялық өнім ретінде оған Сауда және интеграция министрлігі жауапты екенін» айтқан еді. Ал аталмыш ведомствы сарапшылардың пікірінен кейін толық түсіндіретініне тоқталған. Енді, міне, бұл мәселеге жауап беріліп отыр.

Сауда және интеграция министрлігінің дерегіне сүйенсек, оқушы дәптерін елімізде Денсаулық сақтау министрлігі әзірлейді. Тіпті бұл министрлік құзырында тек мектеп дәптері ғана емес, өзге де оқушыға қажетті біраз дүние бар.

«Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының аумағында дәптерге қатысты келесідей стандарттар қолданылады:

  • ГОСТ 13309-90 «Жалпы дәптерлер. Техникалық шарттар»;
  • ГОСТ 12063-89 «Мектеп дәптерлері. Техникалық шарттар»;
  • ГОСТ 6658-75 «Қағаз және картоннан жасалған бұйымдар. Орау, таңбалау, тасымалдау және сақтау», — делінген Сауда және министрлігі Техникалық реттеу комитетінің жауабында.

Сондай-ақ аталған комитет өкілдері осы стандарттар бойынша әзірленетін дәптерлерге қоғам талабын ескере отырып, алдағы уақытта өзгерту жұмыстарын қолға алатынын да түсіндіре кетті.

«Қоғамның қажеттілігіне қарай және стандарттарды қабылдау ескі мерзімін, сондай-ақ осы мәселенің шешілуі ұзаққа созылған процесін ескере отырып, Комитет және Стандарттау жөніндегі ұлттық органмен бірлесіп жақын арада мектеп дәптерлері бойынша ұлттық стандартты әзірлеу жұмыстарын ұйымдастырады», — деп қорытындыланған жауапта.

Бірақ бұл бірден қазақшаланады деген сөз емес. Өйткені жауапта нақты мерзім мен қолға алынатын кезең көрсетілмеген. Тек жоспар ғана. Экспресс К бұл мәселені әлі де бақылауда ұстайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!