«Ғылымсыз прогресс болмайды». Бұл – елімізде жүргізіліп келе жатқан ғылым мен жаңа технологияны дамыту саясатының басты аксиомасы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымға қолдауды күшейтіп, жас ғалымдарға арналған зерттеу гранттарының санын арттыруды тапсырды. Ғылым әлеміне көрсетілген демеу, саладағы күрмеулі мәселелер жайлы саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми сараптамалық топтың мүшесі Мұрат Насимовмен әңгімелескен едік.
«Бір мақалаға 8 ай уақыт кетті»
– Дәл қазір елімізде ғылыми қызметті жоспарлы әрі қарқынды дамыту үшін қандай бастаманы қолға алу қажет деп ойлайсыз?
– Ғылым саласында жүргеніме биыл – 16 жыл. Тәжірибеге сүйене отырып, ғалымдарға жасалатын шарттар жағы қиын деп айта аламын. Ғылыммен айналасатын қызметкерлер негізінен екіге бөлінеді, оның бірі ғылыми зерттеу орталықтарындағы ғылыми қызметкерлер болса, екіншісі ғылымды оқытушылықпен ұштастырып жүрген мамандар. Негізгі жұмысымен ғылымды қатар алып жүрген оқытушылардың грант конкурстарына қатысуына мүмкіндік бар. Бұрын ол үш жылда бір рет ғана ұйымдастырылатын.
Ал, қазір жыл сайын өтеді. Бірақ олардың барлығына бірдей қатысу мүмкін емес. Дайындық, уақыт тапшы. Оның үстіне кез келген жобаның өз жоспары болады. Қынжылтатыны, осындай тұста кейбір әріптестерім рейтинг қуып, нәтиже үшін емес, есеп үшін жұмыс істеп жатады. Осындайда біз сапа емес, сан қуып кеткендей көрінеміз. Мұны бір жағынан оқу жүктемесінің көптігімен байланыстыруға болады.
Менің өзім бірде-бір рет гранттық қаржыландыру конкурстарында орын алып көрмеппін, кейде балл жетпей қалады, кейде эксперттердің қорытындысымен осындай баға беріледі. Келісетін, келіспейтін де тұстар бар. Бір жағынан кез келген ғалым идеясын көп шығара бергісі келмейді. Менде де солай. Уақыт өте оны тағы бір адам өзіне түртіп, пайдаға жаратуы мүмкін. Әділ бәсекелестік болу керек, авторлық құқық та маңызды. Талап күшейтілгені орынды, дегенмен нюанстарды ескеру керек.
Бір сөзбен айтқанда, грант беру кезінде нақты шарт жасалғаны дұрыс, оның өткізілу уақытына да мән беру керек. Өйткені процесс көп. Жоба үш тілде жазылады, порталға жүктеледі, тағысын тағы.
– Отандық ғалымдардың қызметі әлемдік деңгейде қалай бағаланып жүр деп ойлайсыз?
– Қазақстан ғалымдарының жалпыәлемдік ғылыми ақпараттық кеңістікке кіруі маңызды. Халықаралық қауымдастық қандай да бір бағыт бойынша ақпарат іздеген кезде олардың алдынан қазақ ғалымдарының еңбегі де шықпай қалмайды. Мұндай жағдайда бізде «өмірге келген» ғылыми жаңалық пен жаңа технологияларды кең көлемде трансферттеуге жол ашылады.
Web of Science (Thomson Reuters) және Scopus (Elsevier) сынды шетелдің базалық сілтемелер қорына ғалымдардың қолжетімділігін арттыру арқылы біз еліміздегі ғылымның даму деңгейін, әлемдік ғылымның қай бағытқа бет алғанын күні бұрын біліп отырамыз. Осы арқылы ғылымның қай салаларын дамыту керектігін бағамдауға мүмкіндік мол. Бастапқыда бұл бастаманы дұрыс қабылдамағандар болды, алайда уақыт өте оның маңызы байқала бастады.
Бүгінде отандық ғалымдар шетелдік рецензияланған журналдарда материалдарын жариялауға мүдделі. Сонымен қатар мысал ретінде айта кетейін, ұялы телефон мен таңғажайып технологиялардың қолданысқа енуі, химия әлеміндегі түрлі қоспалардың шығуы ғылымның нәтижесі, ал саясаттанушылардың еңбегі көбіне көрінбей жатады.
Ғылымның өлшемі – осы жоғарыда айтып өткен халықаралық журналдарда материалдардың жариялануымен өлшенуде. Өзімнің ең алғашқы мақаламды үгіт-насихат тақырыбына арнағаным есімде, оған 3 ай уақыт кетті.
Ал ең ұзақ жазған мақалам 8 айда аяқталды. Оған үздіксіз ізденіс, тоқтаусыз зерттеудің арқасында қол жеткіздім. Көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ ғалымдардың ішінде бір күн ішінде мақала жазып, жариялап жүргендер жайлы естиміз. Олар көбіне «Хищник» секілді фишингтік сайттарда жарыққа шығып жатады.
Рецензияланатын журналдардың жалған сайттары бар, олар индекстелмейді, оны тек адрес арқылы ғана ажыратуға болады. Сонымен қатар процентиль, яғни көрсеткіш бар, ол жыл сайын ауысып отырады. Бұл – әлемдік кеңістікте отандық ғалымдардың рөлін нығайту бағытында қолға алынған жұмыстар. Жалпы, ғылым саласында ілгерілеу бар, бір қалыпта тұрған жоқ. Шетелдік журналдарға жіберілген материалдар да кері қайтқан емес.
«Студенттер академиялық жазбалар жазуды үйренуде»
– Ел болашағы – жастардың ғылымға бетбұрысы қандай?
– Жастарда ғылымға ұмтылыс бар, бірақ қарқынды емес. Қазір магистратура академиялық, PhD ғылыми дәреже ретінде қалды. Мен көбіне студенттермен тікелей жұмыс істегендіктен байқайтыным, көп жастар магистратураны ғылымды дамытамын деп оқымайды. Мектептерде қазір магистр дипломы бар мұғалімдерге айлық табыс жоғары. «Қазір қандай зерттеу жүргізудесің, нәтижесі қандай?» деген сұрақ қойылғанда көбісі абдырап қалады.
Сондықтан олардың басым бөлігі білімді жетілдіруді емес, қызметте өсу, табысты арттыру мақсатында келеді деп айтуға болады. Алайда жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында қазір университетте академиялық жазбалар жазуды үйретуді қолға алдым. Бұл дәрістерде материал іздеу, контент, ивент талдау, ғалымдардың әртүрлі мәселелерге қатысты айтқан ұғымдарын саралау қамтылады.
Ғылым – қинауды қажет етпейтін сала, сондықтан біз жастармен бірлесе оны дамытуға күш салуымыз керек деп білемін. Қай заманда болмасын, әр салада жетістікке жеткен адамдар қоғамның абыройлы тұлғасына айналған. Сондықтан біз білім озаттарын көбірек насихаттауға жұмыс істеуіміз керек. Адами құндылықтар қашан да біліммен, әдеппен, адамгершілікпен өлшенген.
– Министрлік деректері бойынша 2017 жылы Қазақстанда ғылыми зерттеулер мен әзірлемелермен 386 ұйым айналысқан, олардың 7733-і 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар екен. Ал, 2018-2020 жылдарға арналған қаржыландыруға мақұлданған жобалар мен бағдарламалар арасында гранттық және бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру аясында 35 жасқа дейінгі жас ғалымдардың үлесі едәуір артты деген дерек бар. Осыған қарап, жас ғалымдарды қолдау жұмыстары жүйелі деген пікірге қосыласыз ба?
– Иә, салада серпін бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың көп оқып, ерінбей еңбек етуі үшін оларды ынталандыру маңызды екенін айтты. Жыл сайын мемлекет тарапынан 500-ге жуық жас ғалымды шетелдің үздік ғылыми орталығына жіберіп отыру, сонымен қатар жас ғалымдардың зерттеулеріне арнап жыл сайын 1000 грантты бөлу қажетті шаралардың біріне айналды. Бұл – жас ғалымдарды қолдау жаңаша сипат алады деген сөз.
«Жастардың әлеуметтенуіндегі киберкеңістік рөлін зерттеудемін»
– Бірқатар ғылыми еңбектің авторысыз, алда тағы қандай жоспар бар?
– «Болашақ» университетінің құрылтайшысы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Бақберген Досманбетовтың қолдауымен «Саяси жарнаманың Қазақстан Республикасында дамуы», «Сананы жаңғырту бағыттарының мәні, мазмұны және түсініктері» тақырыптары бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізілуде. «Сананы жаңғырту бағыттарының мәні, мазмұны және түсініктері» ғылыми-зерттеу жобасы аясында осы уақытқа дейін 31 еңбек жарық көрді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындалған сананы жаңғыртудың бағыттарын жүйелендіру үшін жазылған 9 баспа табақтан тұратын «Сананы жаңғыртудың 6 бағыты: мәні, мазмұны және түсініктері» монографиясы жарияланды. 2020-2021 оқу жылынан бастап осы жобаны іске асыру барысында әзірленген «Рухани жаңғыру: қоғамдық сана мен тарихи сананы жаңғырту» пәні «Болашақ» университетінің оқу процессіне енгенін үлкен мақтанышпен айта аламыз. Ғалымдар арасында тарихи сана түсінігін шартты түрде үш деңгейде қарастыру кеңінен таралған: мифологиялық, идеологиялық және ғылыми-философиялық. Уақыт мифологиялық санада туындайды және көрініс табады. Ұлы даланың мифологиялық материалдары бұл мақсатты толықтай қамтитындығы белгілі.
Идеология тарихи сананың мағыналық өзегі болып табылады. Ол қоғам тұтастығының уақыт өлшеміндегі өткені, бүгінгісі мен келешегін қамтамасыз етеді. Ал ғылыми-философиялық деңгей болса, тарихи сананың ұтымды дәйектемелерін құрып, тарихи тәжірибені жиынтықтайды.
Қазақстандықтардың тарихи санасын жаңғырту үшін бірнеше ірі жобаларды жүзеге асыру қажеттілігі белгілі болды. Жаңа пәнді әзірлеу және енгізу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларынан туындаған мәселелерді теориялық талдауды мақсат еттік.
Ұлттық және қоғамдық сана, тарихи сана ұғымдарын түсіндіру, сананы жаңғырту бағыттарының мәні, мазмұны және түсініктерін жүйелеу, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған жобалар және оның нәтижелерімен таныстыру, Ұлы даланың жеті қыры ретінде көрсетілген түсініктерді талдау, тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған жобалармен таныстыру – негізгі міндет. Алдағы уақытта аталған пәннің оқу құралын жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Жалпы, жоба ғылыми нәтижелерді оқу үрдісіне енгізумен қатар жаңа ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, тың идеялар туғызуға септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Қазіргі кезде бұдан бөлек, «Жастардың әлеуметтенуіндегі киберкеңістік рөлі» тақырыбын зерделеудемін. Бұл ой маған еңбек демалысы уақытында келді. Бір сайтқа көзімше кибершабуыл жасалды, осы жайт тақырыпты таңдап алуыма түрткі болды. Бүгінде әлеуметтік желінің мәдениеті, оның қоғамдағы рөлі, желідегі кез келген мәселеге қатысты наразылық белсенділіктерін анықтау және кері байланысты зерделеу назарымда.
– Бір сұхбатыңызда «Алдыңғы қатарлы елдер жер қойнауындағы қазбаны емес, адамның ақыл-ойын басты байлық санайды. Сондықтан «Білім экономикасы» қағидаларына сүйену арқылы Орталық Азиядағы беделімізді арттыру стратегиялық міндетін жүзеге асыра аламыз» деген екенсіз…
– Дамыған елдерде ілім іздеп, білімді жетілдіру бірінші орында. Әлемдік практикаға көз жүгіртсек, бір ғана Сингапур мемлекетінде үздіксіз білім алу мәселесі жүйелі жолға қойылған.
Мұнда табиғи ресурс аз болғанмен, билік адами капиталды және өмір бойы білім алу тұжырымдамасын дамытуға күш салып отыр. Себебі олар ХХІ ғасырдың сауатсыздығы – ізденбеу, қайта даярлаудан өтпеу деп біледі. Біздің елде де бұл саладағы қарқын қарымды.
Елімізде азаматтардың өзін жетілдіруі, білімділігі мен білікті болуы назарда. Жалпы, білім экономикасының негізгі факторы – адами капитал. Пандемия уақытында біз денсаулық мәдениетін үйрендік. Ол да білім экономикасына, адами капиталға қатысты дер едім.
– Әңгімеңізге рахмет! Ғылым жолында табыс тілейміз!
Әңгімелескен:
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!