2022 жылдың қаңтарынан бастап балабақша, мектеп және колледж педагог­тарының жалақысы 25 пайызға, мұғалімдердің жалақысы тағы 2 есеге артады.
Педагогтарды ынталандыру мен қаржылай көтермелеу шаралары білім беру ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте білім беру сапасын арттыру үшін жағдай жасау педагогтарға қойылатын талаптарды да күшейтеді. Мысалы, биыл педагогикалық мамандыққа түскісі келетіндер үшін шекті балл 75 балға дейін көтерілді. Мамандыққа мықты мектеп түлектері келуі үшін шекті балл ұлғайтылды. Сонымен бірге педагогикалық мамандықтар студенттерінің шәкіртақысы 42 мың теңгеге көбейді.
Білім саласына енгізілген инновациялар қазірдің өзінде нәтиже беруде. Мәселен, педагогикалық мамандықтарға түскендердің орташа балы 90 балға дейін көтерілген. Сондай-ақ «Алтын белгі» иегерлері арасында мұғалім мамандығын таңдағандар саны 2 есеге өсті. Тағы бір маңызды жайт, егер бұрын мұғалімдерді жұмысқа қабылдау туралы шешімді мектеп директоры қабылдаса, енді жұмысқа орналастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету және педагогтардың біліктілігін арттыру үшін тиісті біліктілік талаптары бойынша электрондық форматта конкурс өткізіледі. Бұдан басқа, “Өрлеу” БАҰО қазір педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының қалыптасып келе жатқан жүйесіне белсенді түрде тартылып жатыр. Яғни жоғары мектептен бастап еңбек жолының соңына дейін педагог мектеп – педколледж – педагогикалық жоо – біліктілікті арттыру провайдерлері жүйесі шеңберінде дамиды.
2021 жылдан бастап педагогикалық мамандық бойынша алғашқы жұмысқа орналасуға үміткерлер кәсіби шеберлік бойынша сертификаттаудан өтеді. Яғни дипломнан басқа “Педагог” біліктілігін алу міндеті енгізілді. Бұл шара педагогтар мен менеджерлердің кадрлық әлеуетін жақсартуға мүмкіндік береді. Педагогикалық бейіннің түлектері педагог-модератор біліктілігіне үміткер бола алады. Ол үшін Ұлттық комиссиядан өтіп, білім деңгейін көрсету керек.
– Елімізде мектеп басшыларының жалақысына қатысты мә­се­ле көп айтылып жатыр. Қазіргі еңбекақы деңгейінде бәсе­кеге қабілетті менеджерлер басшылық қызметке баруға қызықпай отыр. Жалпы жақсы педагогтар оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болуға ұмтылмайды. Біз одан хабардармыз. Сондықтан бұл мәселе өзгеріс енгізуді қажет етеді, – деді министр.
Оның айтуынша, директорлардың жалақысы ұстаздардың еңбекақысынан төмен болатын жағдайлар жиі кездеседі.
– Сол себепті мектеп директорларының жалақысын төлеудің жаңа жүйесі қаралып жатыр. Бұл 40 оқушы білім алатын мектеп директоры мен бақылауында 1200-2000 оқушы бар мектеп басшыларына бірдей жалақы төлеуге қатысты. Яғни жүктеменің әртүрлі екенін байқауға болады, – деді Асхат Аймағамбетов.
Бұдан бөлек, 2020 жылы педагогтардың жалақысы 25 пайызға, 2021 жылы тағы 25 пайызға өсті. Бұдан басқа, біліктілік санаты үшін қосымша ақылар 30-дан 50 пайызға дейін ұлғайтылды. Дәптер тексергені үшін, сондай-ақ сынып жетекшілігі үшін мұғалімдердің жалақысы 2 есе өсті. Тәлімгерлік үшін қосымша ақының жаңа санаты пайда болды. ҚР БҒМ бюджетінің негізгі бөлігі педагогтарға жалақы төлеуге жұмсалады.