Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы елдегі оқушылардың 1 пайызы ғана сапалы білім алып жатқанын сынға алды. Оның айтуынша, қарпайым мектеп мен Назарбаев зияткерлік мектебін қаржыландырудағы айырмашылық 6 есеге тең, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Әлемдік банк жүргізген зерттеу бойынша Қазақстандағы оқушылардың 1% ғана сапалы білім алып жатыр. Оқушылардың басым бөлігінде таңдау мүмкіндігі жоқ. Олар негізінен екі не үш ауысымдық мектептерде білім алады. Оның үстіне соңғы үш жылда елімізде 1 млн 277 мың сәби дүниеге келді. Бұл – білім саласына түскен үлкен демографиялық салмақ. Олар үшін келешекте кем дегенде 3 мың мектеп салынуы керек», – деді депутат Сенат отырысында. 

Әлемдік банктің мәліметінше, қазір еліміздегі адам капиталының индексі 63% көрсетеді. Бұл – индекс бала туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі қалыптастырылуы тиіс оқушылардың қабілеті мен дағдыларының жиынтығы. 



«Біздің білім жүйесі осылардың 63%-ын ғана беріп отыр. Бұл білім саласына қыруар қаржы бөлінгенімен, оқушылардың көпшілігінде алған білімі біліктілікке айналмай жатқанын көрсетеді. Біздегі білім берудегі теңсіздік пен алшақтық қаржыландыру саласында да, қала мен ауыл мектептерінің арасында да айтарлықтай үлкен. Мысалы, Назарбаев зияткерлік мектебі мен қарапайым мектеп арасындағы қаржыландыру айырмасы 6 есе болса, еліміздегі оқушылардың 44% құрайтын ауыл оқушыларына НЗМ оқушысының білім деңгейін қуып жетуі үшін 6 жыл уақыт керек”, – деді Мұрат Бақтиярұлы.

Сенатор Білім және ғылым министрлігі қазіргі ережеге сай 200-ден астам қызмет көрсететінін айтып өтті. Соның ішінде министрлік 900 мың бүлдіршіні бар 10 300 балабақша, 3,5 млн оқушы оқитын 7 500 орта мектеп, 500 мың контингенті бар 820 колледж, 600 мың студенті бар 120 ЖОО және жарты миллионнан астам мұғалімдер мен педагогтердің жұмыстарын үйлестіру керек.

“Бұл бір министрлікке өте үлкен салмақ. Сондықтан да кеше ғана президентіміз айтқандай, министрліктің басқару жүйесін оңтайландыру жолдарын қарастырған дұрыс деп санаймыз», – деді Мұрат Бақтиярұлы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!