Ербол Еділбайұлы – биология пәнінің мұғалімі. Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектебінде директордың орынбасары қызметін атқарады. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде докторантура бағдарламасы бойынша білімін жетілдіруде. Ағылшын тілін еркін меңгерген, жан-жақты маманмен NIS-тің 10 жылдығына орай сұхбаттасқан едік.
– Әңгімемізді осы салаға келген сәтіңізден бастасақ. Шәкірт тәрбиелеу, ұстаз болу қандай жауапкершілік жүктейді?
– 2009 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Жалағаш ауданында ұстаздық қызметімді бастадым. 2013 жылы Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне жұмысқа орналастым. Мұғалімнен бастап мұғалім-сарапшы дәрежесіне дейін көтерілдім. 4 жыл «Биология пәні мұғалімдері» бірлестігіне жетекшілік еттім. Өткен жылдың қаңтар айынан бастап мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келемін. Ұстаздық қызметімді қатар алып жүрмін. Әрине, қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл мамандық тек оқушыны біліммен қаруландыруды емес, болашақта білген-түйгенін қажетке жаратуына, ең бастысы, тәрбиелі, ұлтжанды, білімді болып шығуына, тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етуді көздейді.
– «NIS оқушыларының тілі жатық» деп жатады. Мектепте тіл үйренуге жеңіл, оңай техникалар қолданыла ма?
– Бұл орайда ағылшын тілі мұғалімдерінің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Себебі алғаш 7-сыныпқа келген оқушылардың тіл білу деңгейі төмен болса, мектепті бітірген сәтте халықаралық ағылшын деңгейін анықтайтын – IELTS емтиханын тапсыратын дәрежеге жетеді. Сабақтан бөлек қосымша сабақтар ұйымдастырады. Сондай-ақ тілдік дағдыларын арттыратын әртүрлі форматтағы шаралар, акциялар өткізеді. Кітап оқу арқылы тілдік дағдыларын арттырады. Зияткерлік мектептің әрбір оқушысына ұсынылатын «100 кітап» жобасы бойынша оқушылар 60 қазақ, 20 орыс және 20 ағылшын тілдеріндегі шығармаларды оқуы тиіс. Сонымен қатар мектепте жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытылады. Оның берер пайдасы өте зор. Шетелдік ұстаздар да мектепте тілдік ортаны қалыптастыруға септігін тигізіп келеді. Тіл үйренуде ізденіс, жігер және нақты жоспар қажет. Тіл меңгерудің арқасында оқушылардың әлемнің түкпір-түкпірінде білім алуына мүмкіндігі бар. Бұған 2023 жылғы түлектердің арасында Майя Жалғасбаева есімді оқушымыз дәлел. Ол Германияның 6 бірдей белді университетіне шақырту, грант алды. Таңдауы Ландсхут қолданбалы ғылымдар университетіне (Hochschule Landshut) түсті.
– Биыл зияткерлік мектеп 10 жылдық белесті бағындырды. Бүгінге дейінгі жетістіктерді санап тауыса алмаспыз. Айтыңызшы, алда жоспар қандай?
– Заманауи үлгідегі технологиялармен жабдықталған білім ордасы қазақстандық және шетелдік үздік тәжірибемен ұштастырылған академиялық терең білімді қалыптастыруға, пәндердің кіріктірілуіне және кең ауқымды дағдылар мен құндылықтарды дамытуға бағытталған NIS-Programme бағдарламасы негізінде білім береді. Ағылшын тілімен қатар екінші шетел тілі ретінде француз, неміс, кәріс, қытай тілдерінен арнайы қосымша сабақтар жүргізіледі. Оқушылардың жан-жақтылығын дамыту және жекелеген пәндерді тереңдетіп оқыту мақсатында мектепте түрлі элективті курстар мен 45 қосымша білім беру үйірмелері жұмыс істейді.
2013-2023 жылдар аралығында мектепті барлығы 920 оқушы бітірді. 183 түлек Назарбаев Университетінде, 65-і АҚШ, Германия, Италия, Қытай, Гонконг, Оңтүстік Корея, Чехия, Түркия, Венгрия және Ресей мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында, қалғандары еліміздің беделді университеттерінде грант негізінде білім алуда. Мектептен түлеп ұшқан алғашқы шәкірттер жоғары оқу орындарын сәтті тәмамдап, еліміздің тұрақты дамуына өзіндік үлес қосып жүрген белсенді азаматтардың қатарынан көрінуде. Халықаралық конкурстарда, республикалық пәндік олимпиадаларда, аймақтық және желілік байқауларда үнемі үздік нәтиже көрсетіп келеді. 2017 жылы Зияткерлік мектеп білім беру саласындағы жоғары сапаны қамтамасыз ету мақсатында стандарттар әзірлеу және білім беру мекемелерін аккредитациялаумен айналысатын Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) аккредитациясынан сәтті өтіп, білім сапасын растады.
– Оқушылардың ғылыммен айналысуына, жоба қорғауына үлкен мүмкіндік қарастырылғанын байқаймыз…
– Оқушылардың шығармашылықпен айналысуына үздіксіз қолдау көрсетіледі. Ал ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында еліміздегі және шетелдегі ғалымдарымен «Даналық бейсенбілігі» өткізіліп келеді. Сонымен қатар әртүрлі ғылыми бағытта клубтар жұмыс істейді. Соған сәйкес мектеп тренерлері мен университеттің ұстаздары дәріс өткізеді. Мектепішілік әртүрлі конкурстар ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде жарияланып отырады. Оқушылар желілік, республикалық байқауларда да белсенді. Өткен жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық байқауында оқушымыз Дина Жанұзақова жеңімпаз атанып, «Сығанақ қалашығын 3D форматта реконструкциялау» жобасы бойынша 3 миллион теңге қаржылай сыйақы ұтып алды.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің кәсіпкерлік орталығы «Startup Joly» инкубациялық бағдарламасы аясында өткізілген инновациялық өнертабыстар байқауында да Жұлдызай Мұңайтбасова мен Раушан Тұрғанбай жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Олар ұсынған «EcoDabyl» жобасы ауаның сапасын бақылап, адам денсаулығына тигізер зиянын арнайы платформа арқылы пайдаланушыларға хабарлап отырады. Жобаны дамыту үшін оқушылар 200 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау тапты.
– Қай саланы алып қарасақ та, қиындығы қатар жүретіні рас. Білім саласында сізді қандай мәселе алаңдатады?
– Мектептер бір ауысым бойынша ғана жұмыс жүргізіп, оқушылардың шығармашылықпен айналысуына көбірек көңіл бөлу қажет деп есептеймін. Себебі олар бос уақытында гаджетке байланады. Сонымен қатар ұлттық білім беру стандартын бірлесе дайындау қажет деген пікірдемін. Ауыл мен қаладағы білім сапасының алшақтығы да күрделі мәселе. Мемлекет оны шешуде арнайы тірек мектептер жобасын жүзеге асыруда. Біздің облыс бойынша Қармақшы, Арал және Жаңақорған аудандарындағы үш мектеп жобаға еніп, бүгінде толықтай жаңғырудан өтуде. Назарбаев Зияткерлік мектептері тиісті әдістемелік қолдау көрсетіп келеді. Жақында ғана Ж.Әбдірашов атындағы №62 мектеп-лицейі, Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейі және №286 жалпы білім беретін мектептің пән мұғалімдері мен сынып жетекшілері мектепте арнайы тағылымдамадан өтті. Біздің ұстаздар да ауылға барып, әріптестерінің білім беру үдерісін бақылап, қиындықтарын көріп қайтты. Соны еңсеру ең негізгі миссия.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!