Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың, мәдени-шығармашылық байқаулардың жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы дарынды жастарды жарқын жетістіктерімен құттықтап, арман-мақсаттарына жетуіне тілектестік білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы білім сапасы табысты ұлт болудың маңызды шарты екенін, әрбір оқушының сапалы білім, тағылымды тәрбие алуы, жан-жақты дамуы үшін елімізде барлық жағдай жасалғаннын атап өтті. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен өңіріміздің білім саласында ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Дарынды оқушылардың олимпиадалық резерв мектебін қалыптастыру мақсатында жыл бойы «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиыны өтеді. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 75 млн. теңге қаржы қаралды. Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданында өткен жылы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар жұмысын бастады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қорқыт Ата университеті базасында Корея Республикасы Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі құрылды. Бұл Қызылорда облысының ғана емес, еліміздің білім саласындағы айтулы жетістік болды. Биылдан бастап өңірдің барлық елді мекеніндегі мәдениет үйлерінен жастарды отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін түрлі бағыттағы үйірмелері бар «Адал адам» орталықтары құрылып, жұмыс жасауда. Бұл бастамалардың барлығы балаларымыздың лайықты білім алуына, өмірлік маңызды дағдыларды үйренуіне жол ашады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімі өз сөзінде талапты, ұшқыр ойлы жастарды тәрбиелеген ұлағатты ұстаздарға да алғысын білдірді.
Еркін пікір алмасу барысында оқушылар аймақ басшысынан бала күнгі армандарын, өздері секілді озық ойлы жастарға айтар ақыл-кеңесін сұрады. Сырдария ауданы, №210 орта мектебінің 11 «А» сынып оқушысы Асылжан Абдуллаев өз тәжірибесін бөлісіп, қатарластарына лебізін білдірді. Асылжан Astana Hub IT паркінің ұйымдастыруымен өткен «Digital Almaty-2023» халықаралық цифрлық форумында жасанды интеллектті алғаш рет қазақша сөйлетіп, Astana Hub Battle 2023 «Best Media project» «QazaqGPT» бағдарламасы бойынша үздік деп танылды.
Кездесу соңында оқушылар мен олардың ұстаздарына облыс әкімінің Алғыс хаты және планшет табысталды.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 16 оқушы халықаралық олимпиаданың жүлдегері атанса, 103 бала республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда, түрлі мәдени-шығармашылық байқауларда үздіктер қатарынан көрінді. Олимпиада қорытындысымен 5 оқушы жоғары оқу орындарының білім грантын иеленіп, Сыр елінің мерейін үстем етті.
Өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектептің орын тапшылығы мәселесі 1 850 орынға арналған қосымша ғимарат салу арқылы шешімін тапты. Бұдан бөлек, 1 170 орындық 4, жыл басында 550 орындық 2 мектеп ел игілігіне табысталды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 300 орынға арналған 21 мектеп, дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, Шиелі ауданында 100 орындық және Жаңақорған ауданында 150 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде.
«ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен заманауи Оқушылар сарайы, Жаңақорған ауданында Оқушылар үйі және Өнер мектебі салынуда. Нысандар жаңа оқу жылы қарсаңында ел игілігіне табысталады.
Қаланың сол жағалауында «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледж ғимаратының құрылысы басталды. Келешекте бұл нысандар озық ойлы, өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалардың шамшырағын жағатын білім ордасына айналады.
Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясын» салу жоспарлануда.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен білім мазмұнын арттыру, мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау үшін биыл жергілікті бюджеттен 1 млрд. 500 млн. теңге бөлінді. Пән кабинеттері жаңа оқу жылына дейін мектептерге орналастырылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!