Жуырда мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланды. 2024-2025 оқу жылына 78 219 грант бөлінді. Талапкерлердің басым бөлігі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағытындағы мамандықтарды таңдаған. Ал мемлекеттік грант иегерлерінің тізіміне ілінбеген болашақ студенттер үшін мүмкіндік бар. Мәселен, 2013-2024 жылдар аралығында 1425 студент облыс әкімінің грантын иеленді. Оның 979-ы оқуды тәмамдаса, 450 жас маман жұмыспен қамтылған. Ал 91-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.

Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баяндады.

− 2024-2025 жылға жасалған облыстың еңбек ресурстарының балансына сәйкес, мамандар тапшылығын және өңірде жүзеге асырылатын бірқатар инвестициялық жобалардың іске қосылатынын ескере келе алдағы оқу жылына 100 маман даярлау жоспарланды. Атап айтқанда, медициналық мамандықтарға − 15, су ресурстарын басқару, экология және табиғатты пайдалану мамандықтарына – 6, құрылыс және тау-кен ісі мамандықтарына – 6, агрономияға – 6, инженерлік мамандықтарға − 14, өнер мамандықтарына – 15, мал шаруашылығы мамандықтарына – 13, азық-түлік өнімдерін өндіру және көлікті пайдалану технологиялары мамандықтарына – 23, дінтану мамандықтарына – 2 грант бөлінеді, − деді басқарма басшысы.

Ал білім беру грантының 55-і Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, 10 грант Қызылорда «Болашақ» университеті, 5-еуі Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, 13-і Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті, 7-еуі Қарағанды медицина университеті, 8-і С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті, ал қалған 2 грант Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетіне берілді.

− Облыс әкімі гранты Қызылорда қаласы мен аудандар арасында халықтың санына және сұраныстарына қарай бөлінді.

Нақтырақ айтсақ, Арал ауданы бойынша – 8, Қазалы ауданына – 7, Қармақшы ауданына – 10, Жалағаш ауданына – 5, Сырдария ауданына – 4, Шиелі ауданына – 9, Жаңақорған ауданына – 9, Қызылорда қаласына 48 грант. Мемлекеттік грантқа іліге алмай қалған әлеуметтік тұрғыдан халықтың осал топтарынан шыққан талапкерлер облыс әкімінің грантына үміткер бола алады.

Құжат қабылдау аудандық және Қызылорда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде 6 – 15 тамыз аралығында жүреді. Грантты тағайындау туралы шешімді аудан, қала әкімдіктері жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Үміткерлердің отбасындағы кірістерінен бөлек ұлттық біріңғай тестілеудің нәтижесі мен отбасылық жағдайына басымдық беріледі. Оның ішінде осал топтағы жетім, интернат үйінің тәрбиеленушілері, мүгедектігі бар балалар, ата-аналарының мүгедектігі бар немесе асыраушысынан айырылған талапкерлердің мүмкіндіктері көп, − деді Ғабит Жаңабаев.

«АЖ» ақпарат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!