Ғылыми-техникалық революция ұлғайып, күннен күнге тың жаңалықтарымен жаһанды мойындатып жүрген мемлекеттер біраз елді артта қалдыруда. Мұның дәлелі – Жапония, Америка сынды технологиялық прогресттің алпауыттары. Елімізде соңғы жылдары техникалық ғылымға бет бұрғандар қатары көп. Оқушылар арасындағы жетістіктер де соны айтады.
Жақында Серғали Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы Тоғжан Абдрахманова Түркия мен Дубайда математика және информатика бағытында өткен халықаралық олимпиадаларына қатысып, бірінші орын – «Алтын кубокты» иеленді. Білектінің емес білімдінің дәуірі туғанын дәлелдеп жүрген талапты шәкіртпен сұқбаттасқан едік.
– Тоғжан, жеңісің құтты болсын! Математикаға деген құштарлығың қашан басталды?
– Рақмет! Анамның айтуынша, математикаға құштарлығым бала кезімнен байқалыпты. Атам мен әжемнің жақсы адам болу үшін білім алу керек деп жиі айтатыны есімде. Әжем – бастауыш сынып мұғалімі, қазір зейнетке шыққан. Ол күн сайын мені балабақшадан алып қайтатын. Үйге дейінгі он бес минуттық жолда мәшинелердің нөмірін бірге жаттап келетінбіз. 3-4 жасымда үш таңбалы сандарды жатқа білдім. Атаммен шахмат ойнауды да әдетке айналдырғанбыз. Оның сұрауымен газеттегі мақалаларды оқып беремін, яғни математикаға деген қызығушылығымды, алғашқы ұшқынды байқаған атам мен әжем.
– Дубайдағы халықаралық олимпиадаға іріктеу қашан өтті?
– Өткен жылы Египетте өткен олимпиадада күрделі есептерді жылдам шығарудан жеңімпаз атанған едім. Міне, сол кезде Дубайдағы олимпиадаға жолдама берілді. Қорытынды байқау 28 наурыз күні Дубайда өтті. Математика және информатика бағытында өткен халықаралық олимпиадаға әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі дарындылар келіп, бақ сынасты. Қазақстанның атынан қатысып, ғылыми, күрделі сала бойынша ел даңқын асқақтатқаныма қуаныштымын.
– «Ұстаздан шәкірт озар» дейді қазақ даналығы. Қай салада болмасын шын мықтыны ұстазына қарап тануға болады. Біздің Тоғжанның ұстазы кім?
– Анам да білім саласында қызмет етеді. Ол үнемі «бастауыш сыныпта балаға мектеп емес, мұғалім таңдау керек» деп айтып отырады. Себебі бастауыш сыныптың өзінде де бір мұғалім гуманитарлық бағытты ұстанса, бірі жаратылыстануға көбірек мән береді. Сондықтан анамның ұстанымын алға тартамын.
Негізі математиканың өз ішінде бағыты көп. Соған байланысты бірнеше ұстаздан қатар білім алудамын. Қазіргі таңда №3 IT мектеп-лицейдегі Назерке есімді мұғаліммен жеке жұмыс істейміз. «Қазбілім» орталығындағы математик Руслан ағайды, «Қалам» орталығында Асқар есімді ағайды ерекше атап өткім келеді. Мұғалімдерімнің бәріне алғыс айтамын.
– Күрделі есептерді шешу миға арналған жаттығу іспетті. Сен үшін математиканың өмірде қандай тиімділігі бар?
– Өмірдің өзі күрделі есеп сияқты. Барлық адамға өлшеулі уақыт беріледі. Тамақтануға да, ойлануға да, қуанышқа да, жақсылық пен жамандыққа да белгілі бір мөлшер керек. Адам баласының бәріне ортақ бір күнде 24 сағат бар. Өмір де, уақыт та санаулы. Демек математиканың өмірге тікелей қатысы бар. Математика мені жылдам шешім қабылдауға, екінші мақсатқа көшпес бұрын біріншісін толық аяқтауға, зейінді бір жерге шоғырландыруға, нақты іс-әрекеттің алгоритмін жоспарлауға үйретті.
– Қандай арманың бар?
– Бұрынғы үйіміздегі көршіміздің немересінің қолы жоқ, пластмасса протез киетін еді. Бірде оның анасы анаммен әңгімелесіп отырып, протездің ауыр екенін, баласының соған қиналып, кигісі келмейтінін айтты. Сол оқиға маған қатты әсер етсе керек, бір күні протез түріндегі қол, аяқтың суреттерін салдым. Оны көрген анам таңданып, не екенін сұрады. Сонда мен көршінің немересі жайлы айттым да, болашақта инженер-дәрігер болып, балаларға ыңғайлы, жеңіл протез түрін жасап шығарамын деп жауап бердім. Арманым – инженер-дәрігер атанып, адамзатқа пайдалы болу.
– Сұқбат үшін рақмет, Тоғжан! Қашанда сәттілік серігің болсын!
Әңгімелескен Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!