Жас пен жынысқа, ұлт пен ұқсастыққа, түр мен тілге қарамастан жер бетіндегі адамдардың ортақ түсінісер тілі – өнер. Өнердің де түр-түрі бар. Дегенмен қылқаламмен қағаз бетіне сурет салып, жансыз бейнені тілсіз сөйлеткендей көркем бейнелеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Көргенін емес, сезінгенін екінші адамға сездіре алатын суретшілердің әр туындысы тылсымға толы. Ұстаз Алмас Алматов айтқандай, қылқалам шеберлерінің «өнерге бір күнде және бір күнге келмейтіні» де белгілі.
Жақында Мүлкаман Қалауов атындағы өнер мектебінде көркемсурет көрмесі өтті. Көркемсурет бөлімінің ұстаздары – Замзия Нұрханқызы, Эльза Пахуадинқызы, Гүлнұр Абызбайқызы, Ерғали Әбсаттарұлы ұйымдастырған кішкентай қылқалам шеберлерінің көрмесі «Жас суретшілер шақырады» деп аталады. Көрмеге түрлі бағытта жұмыс істейтін өнер мектебінің көркемсурет бөлімінің 2-4 сынып оқушыларының шығармашылық жұмыстары қойылды. Айта кетейік, олардың қатарында Анастасия Снопова, Медина Нұрлан, Тоғжан Рабатова, Арайлым Нұрмақаш, Маргарита Нам, Дильяра Шыңғысхан сынды жас таланттар бар.
Шара домбырашылар ансамбілінің күмбірлеген күйімен ашылды. Ал өнер мектебінің директоры балаларға сәттілік тілей отырып, әр шәкіртімен ерекше мақтанатынын сөз етті. «Өнер мектебінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан көркемсурет галереясына қош келдіңіздер! Қандай да бір өнер кішкентай қадамнан басталады. Кішкентай сезімнен үлкен дүние туады.
Өздеріңіз байқағандай, мектеп тарихында жас дарындардың сурет көрмесі алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл – балаларымыздың алғашқы көрмесі, алғашқы қадамы. Шәкірттеріміздің әрқайсысы өзінше ыстық. Оларға жарқын болашақ тілеймін! Әр қадамына қуанып, қолдап отыратын ата-аналар мен ұстаздар барында олардың жетер жетістігі әлі алда» – деді мектеп директоры Қайрат Тыныштықұлы.
Оқушылар мен ата-аналарды, жас суретшілердің қатарластарын жинаған көрме салтанатты түрде ашылып, 6 жас дарынның салған дүниесіне назар аудардық. «Қазіргі таңда өнер мектебінің көркемсурет бөлімінің 4 сынып оқушысымын. Яғни, бітіруші түлекпін. 12 жастан бастап жетекшім Эльза Смағұловадан кәсіби бағыт, бағдар алып келемін.
Көптеген облыстық, республикалық өнер байқауларынан жүлдегермін. Сондықтан ұстазыма алғыс айтқым келеді. Өнер мектебіне келу арқылы болашақта жоғары білім алып, киім дизайнері мамандығына тапсырғым келетінін түсіндім. Қазақи нақыштағы заманауи киімдерді жасап, шығармашылыққа ден қойғым келеді. Ал аталған өнер мектебіне әкелген анама алғысым шексіз! Сурет арқылы мен өзімді таптым», – дейді Арайлым Нұрмақаш есімді қылқалам шебері.
Ал жас суретші, дарынды шәкірттің бірі Медина Нұрланның анасы Ләззат Бақтиярова ата-ана ретінде қылқалам ұстауды білмей, бейхабар боп келген көптеген баланы кәсіби суретші ретінде картиналарын ұсынатын дәрежеге жеткізген ұстаздарға алғысын айтты.
– Қазір қызым 4-сыныпта оқиды. Бірінші сыныптан бастап Замзия Нұрханқызы жетекшісі ретінде сурет әлемінің сан қилы әдіс-тәсілдерін үйретіп, кәсіби бағдар беріп келеді. Қызымның өзі де сурет өнерінен қашық емес. Үйде шимайлап отыратыны бар еді. Мені сурет үйірмесіне апаршы деген өзінің талабымен өнер мектебіне әкелген едім.
Содан бері 4 жыл уақыт өтіпті. Осы уақыт аралығында екінші анасындай болып, алға жетелеген ұстазыңа алғысым шексіз! Ол кісілердің еңбегін бағалаймыз, құрметтейміз. Түрлі облыстық байқауларды айтпағанда республикалық, халықаралық байқаулардан бас жүлдеге ие болып жүргені ұстаз бен шәкірттің үздіксіз ізденуінің жемісі сияқты. Биыл өнер мектебін бітірген соң Алматы қаласындағы О.Таңсықбаев атындағы өнер колледжіне оқуға тапсырып, жоғары білім алады. Алғашқы көрмеге ерекше толқып, қуанып келдік. Әлі талай көрменің куәгері болатынымызға сенемін, – дейді ол.
Дина Бөкебай
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!