Еліміздегі өңірлер арасында білім теңсіздігі мәселесі белең алып келеді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы баспасөз мәслихатында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова айтты.
Баспасөз мәслихаты барысында Жұлдыз Сүлейменова өңірлердегі негізгі мәселе ретінде білім беру сапасына ерекше тоқталды. Қазіргі таңда өңірлерде білікті мұғалімдердің жетіспеушілігі, сапалы білімнің қолжетімсіздігі күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып отырғанын да айтып өтті.
«Пандемия кезеңіндегі қашықтан оқыту кезінен бері Маңғыстау облысы мен Түркістан облысындағы оқушыларымыздың білім сапасы алаңдатып отыр. Осы өңірлерде ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігі баршаға мәлім. Сонымен қатар бүгінгі таңда өңірлер арасында да білім теңсіздігі орын алып келе жатыр» – деді Жұлдыз Досбергенқызы.
Депутаттың сөзінше, қазіргі таңда Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарындағы оқушылардың білім сапасы басқа облыстармен салыстырғанда едәуір төмен.
«Аталған өңірлерді білікті мамандармен қамтамасыз етілуі, оқушы орны тапшылығы мәселесін шешу, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер проблемасын біз Үкімет мүшелеріне айттық. Әр өңір бойынша нақты жол картамыз бар. Сол арқылы облыстардың қай аудан-ауылында мектеп, мұғалім жетпейді немесе қай ауылдағы мұғалімдердің біліктілігі төмен деген мәселелерді жиі назарда ұстап отырамыз. Аталған мәселелер бойынша Білім және ғылым министрлігімен жан-жақты жұмыстар жасап жатырмыз» – деді депутат.
Ал білім саласына қаражат бөлу, білім саласындағы инфрақұрылымды дамыту жергілікті атқарушы билік органдарының тікелей стратегиялық басымдығындағы мәселе екенін атап өтті. Сондықтан да мұндай мәселелерді жергілікті органдармен бірлесе отырып шешу қажеттігін айтты.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатына партия Фракциясының мүшелері Альберт Рау, Екатерина Смышляева және Берік Оспанов қатысты. Олар өңірлердегі көшпелі жұмыс барысында атқарылған жұмыстарға қатысты журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!