Өскеменде көпсалалы технологиялық колледждің студенттері жаппай астан уланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik.com

ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, астан улану белгілері 10 студенттен байқалған. 10 қазан күні колледждің 1 курс студенттері жедел жәрдеммен Ана мен бала орталығына жеткізілді. Студенттердің барлығына тамақтан улану диагнозы қойылды.

Тексеруден кейін науқастар амбулаторлық емдеуге жіберілді.

11 қазаннан бастап колледж студенттері қашықтықтан оқытуға көшті, колледж асханасын жалға алушы зертханалық тексеру нәтижелерін алғанша жұмысын тоқтатты. Сонымен қатар, жалға алушыға қатысты жоспардан тыс тексеру басталды.

ШҚО полиция департаменті студенттердің улану фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабының 1-бөлігі (санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!