Тағы бір сыбайлас жемқорлық тәуекелі – бюджеттік өтінімдерді қағаз жүзінде рәсімдеу.

Өскемен қаласындағы мектептердің бірінде математика пәнінің мұғаліміне 100 млн теңгеден астам жалақы негізсіз төленбек болғаны анықталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

ҚазАқпарат мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысында соңғы 4 жылда білім беру мекемелеріндегі 50 қызметкер сотталды. Соның салдарынан мемлекетке 277 млн теңге залал келтірілген. Қазіргі уақытта бұл соманың 42%-дан астамы өтелді. Бұл туралы бүгін баспасөз брифингі барысында ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Денис Шакенов мәлімдеді.

Департамент білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізді. Соның барысында көптеген бұзушылық пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Мәселен, бюджеттік өтінімді жасанды түрде асыра бағалау. Өскемендегі коммуналдық мекемелердің бірінде «Қосымша білім беру педагогы» мамандығы бойынша 7 бос орынға 2023 жылға арналған бюджеттік қаражат сұранысында 11 жылдан 29 жылға дейінгі жұмыс өтілі негізсіз көрсетілген. Нәтижесінде бюджеттің жалпы сомасы 16,2 миллион теңгеге ұлғайтылды. Осылайша, қажетсіз сұралған қаражатты жымқыру түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелі туындады, – дейді ол.

Тағы бір сыбайлас жемқорлық тәуекелі – бюджеттік өтінімдерді қағаз жүзінде рәсімдеу. Өскемен қаласы мектептерінің бірінде математика пәні мұғаліміне белгіленген жалақыға 35% қосымшаның орнына 3500% төлем көрсетілген. Соның салдарынан тек бір мұғалімге 104,7 млн теңге жалақы негізсіз төлене жаздады.

Мектеп қызметкерлерінің банктік карточкалық шоттарын ауыстыру арқылы бюджет қаражатын жымқыру фактілері де жиі кездеседі. Риддер қаласындағы орта мектептердің бірінде директордың және бас бухгалтердің жақын туыстарына 9,6 млн теңге қаражат жалақы ретінде негізсіз аударылған, – дейді Денис Шакенов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!