Биылғы оқу жылы жаңа жүйе мен тың талапқа толы болмақ. ҚР Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, Оқу-ағарту министрлігі және Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылғалы халық өзгеріс орын алатынын іштей сезді. Көп өтпей, саладағы сан сауал шешім тауып, жаңашылдық белең алғаны жасырын емес. Олардың арасында мұғалім жүктемесін азайту, оқу жүйесі, пәндердегі ерекшелік секілді бастамалар бар.
Ел есінде қалған жаңалықтың бірі – пәндер ерекшелігі. Яғни, қазіргі оқу бағдарламасына бірқатар түзетулер енгізіліп, бірінші сынып оқушыларына «Шетел тілі» және «Орыс тілі» пәндері оқытылмайды. Ал барлық сыныптарда «Өзін-өзі тану» пәні алынып тасталынды. Қазақ қоғамында бұл өзгерісті қолдайтындардың қатары көп. Себебі жаңа оқу жылында 1-сыныптарға үш тіл оқытылмайды. Балалар алдымен өз тілінде оқып, жазуды үйреніп, кейін ғана өзге тілдерді меңгереді. Қазақтілді қоғам мен тіл жанашырлары аталған басатма ұлт болашағы мен қауіпсіздігі үшін дер кезінде жасалған қадам екенін айтуда.
Осылайша, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысы тек қазақ тілін үйренеді де, екінші сыныпта орыс тілі енгізіледі. Ал орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен орыс тілі қатар оқытылады. 3-сыныптан бастап барлығы ағылшын тілін меңгеруге кіріседі.
– Қызылорда облысында қазақ тіліне қатысты мәселе жоғы рас. Алайда өзге өңірде қазақ тілінде сөйлейтін тұрғындардың саны кемуде. Санасы, білімді игеру қабілеті жетілмеген балалар бастауыштан бастап үш тілде білім алып келді. Мұндай қате жүйені өзгертетін кез келді деп ойлаймын. Жаңа оқу жылындағы өзгерісті қуана қабылдауымның себебі де осы, – дейді қала тұрғыны Гүлім Жанбасарова.
Пәнге қатысты жаңалық мұнымен шектелмейді. Биыл «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері 1-сыныптан бастап оқытылмақ. Ал 6-сынып оқушылары музыка пәні аясында өз қалауымен домбыра тартуды үйрене алады. Бұған қоса, мектептерде қосымша факультатив есебінен шахматқа жазылуға болады.
Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы пәнін оқытуға да қатысты жаңалық бар. Биыл барлық мектеп үшін бірыңғай және базалық тарих оқулығы әзірленген. Бұдан бөлек, балалардың білімін осы сабақ бойынша бағалау тәртібі де өзгереді. Қорытынды аттестаттау бұрынғыдай жазбаша ғана емес, ауызша да өткізіледі деп жоспарланса, жиынтық бағалау екі түрде жүргізілуі мүмкін.
Ал оқушылар үшін жағымды өзгеріс – оқу аптасының қысқаруы. Биыл жазғы демалыс пен оқу аптасы қысқаратын болады. Демек, оқушылар аптасына 5 күн оқып, және жазғы демалысқа 31 мамырда шығатын болады. Осылайша, 1-сыныптар 35 апта оқыса, 2-11 (12) сыныптар 36 апта білім алады деген сөз. Күзгі каникул – 7 күн, қысқы және көктемгі – 9 күннен болса, 1-сыныптарға қосымша каникул – 7 күн болып бекітілген. Министрлік өкілдерінің сөзінше, оқу жылының ұзақтығын ұлғайту сабақтар санын қысқартуға, бес күндік оқу аптасын іске асыруға мүмкіндік береді.
Ата-аналар үшін де жаңа оқу жылы қызықты тәжірибеге толы болмақ. Жуырда Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ата-аналар жиналысын жаңа форматта өткізуге үндеді. Бас ұстаздың айтуынша, әрбір ата-ана баласының жетістігі мен әлсіз тұсы туралы толық ақпарат алатындай мүмкіндік жасалуы шарт. Ол үшін ата-аналармен қарым-қатынасты жаңаша жүргізу талап етіледі.
«Барлық мектеп ата-аналар жиналысын өткізудің жаңа форматына көшуі керек. Оларды жинап алып, басқа адамдардың көзінше баланың үлгерімі мен тәртібін талқылаудан арылған жөн. Оның орнына жеке, топтық немесе ұжымдық форматта ұйымдастырған тиімді», – деді А.Аймағамбетов.
Соңғы ерекшелік қатарында «Алтын белгі» талабының күшеюін айтуға болатындай. Бүгінде «Алтын белгі» атанған түлектердің кейбірі ҰБТ-дан төмен ұпай алып жатады. Бұл білім бағалау жүйесі мен «Алтын белгінің» маңызына қатысты көптеген сауал тудыруда. Осыған байланысты үміткер биылдан бастап үміткерлерге екі талап қойылады. Алғашқысы, 9-сыныптың қорытындысы бойынша қызыл аттестат алу керек. Кейінгісі, 10-11 сыныптардың барлық оқу тоқсаны бойынша «5» деген баға болуы шарт. Сонымен қатар үміткерлер Назарбаев зияткерлік мектептер базасында математикадан емтихан тапсыруы да талап қатарында.
P.S. Жаңа оқу жылында аймақтағы 295 мемлекеттік және 16 жекеменшік мектепте 182 мың оқушы білім алады деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5 мың оқушыға өскен. Түгелге жуық мектеп аталған өзгерісті қолданысқа енгізіп, жаңа жүйенің нәтижесін күтетін болады.
Берен Шағыров
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!