Таразда күрделі жөндеуге жабылған мектептің бірінде өрт шығып, 7 жұмысшы жарақат алды. Бет қаратпас жалыннан жан сауғаламақ болған 2 адам 3-қабаттан секіріп кеткен. Оқыс оқиға болғалы бірнеше күн өтсе де, жансақтау бөлімінде жатқан бойжеткендерге ота жасалмаған, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.
Жәбірленушілердің жақындары облыс әкімінің Астанадан арнайы білікті дәрігер шақыртамыз дегені де өтірік болып шыққанын айтқан.
Жарылыс үш күн бұрын қаладағы №44 мектептегі кабинетте болған. Құрылысшылардың сөзінше, еден сырлайтын бояу банкаларының бетін ашқан бетте, қызыл жалын лап еткен. Соның салдарынан 7жеті бірдей жұмысшы зардап шеккен. Ал қатты қорыққан 21 және 23 жастағы қыздар терезеден секіріп кеткен.
Үш айдан бері жөндеу жүріп жатқан мектептегі жарылыс түнгі сағат бір шамасында болған. Қызыл жалынның қатты болғаны сонша, физика кабинетіндегі есік-терезенің бәрі қираған. Сол түні сыныпта болған 10 құрылысшының жетеуі ауруханаға түскен. Жеңіл жарақат алған үш жұмысшы үйіне қайтарылса, күйік шалған екеуі әлі емделіп жатыр. Ал үшінші қабаттан секірген екі қыз жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы ауыр.
«Қабырғалары, омыртқасы, бір аяғы сынған. Қазір оны жылжытып Астанаға салып жіберуге болмайды. Сол жақтың мамандары осында келіп ота жасайды», – деді Тараз №1 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Жұмашев.
Жарақат алған жұмысшылардың жақындары оқыс жағдайға әкімдік пен мердігерді кінәлайды. Себебі жаңа оқу жылына дейін мектепті пайдалануға беру үшін құрылысшыларды түнгі жұмысқа жеккен.
«Түнгі уақытта жұмыс істегені дұрыс емес қой. Жұмысты кешкі сағат 6-да бітіруі керек. Әкімдік мердігерге «мынша күнде бітіру керек» деп айтқан шығар. Ол кісі енді ана қыздарға барып айтады ғой. Біз осыншама күнде бітіруіміз керек, төрт күнде аяқтауымыз керек деп», – деді жәбірленушінің анасы Сәлима Нарымбетова.
Қыздардың жақындарының айтуынша, 20-дан енді асқан қыздардың жағдайын білмекке ауруханаға Жамбыл облысы әкімі барған. Алайда арада бірнеше күн өтсе де, Астанадан арнайы алдырамыз деген дәрігерлер әлі келмеген.
«Әлі күнге дейін ешқандай көмек жоқ. Облыстық әкімдік келіп, «жақсылап көмектесеміз, аяқтан тұрғызамыз» деген. Әлі ешқандай көмек жоқ. Қыздардың жағдайы қалай болады, мүгедек болып қалуы мүмкін», – деді жәбірленушінің әпкесі Гүлжан Садықұлова.
Ал күйік шалған тағы екі жұмысшының жағдайы жақсарған. Тек екі қыздың денсаулығы отамен ғана реттеледі. Мектептегі түсірілімге шақыртусыз кіріп келген қала әкімі бар істі мердігер мойнына алатынын айтты.
«Өрттің себебі қазір анықталып жатыр. Оны қазір сараптама көрсетеді. Түнде жұмысқа кедергілер жоқ, шектеу жоқ. Бірақ бұл жерде жұмыстың қауіпсіздік мәселесі, өрт қауіпсіздігі мәселесі туындап отыр. Мердігер жауапкершіліктен қашып отырған жоқ. Зардап шеккен азаматтарға толық көмек көрсетуге дайын», – деді Тараз әкімі Бақытжан Орынбеков.
Еске салайық, бұған дейін 17 қыркүйекте түнде Тараздағы мектептердің бірінде өрт шыққаны хабарланған еді. Бұл кезде ғимаратта жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Желіде жұмысшылардың үшінші қабаттың терезелерінен секіріп, аяқ-қолдары сынғаны туралы ақпарат тарады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!